Қаратөбе аудандық білім беру бөлімінің және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің жоспарына сәйкес өскелең ұрпақты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға жан-жақты дайындау, сондай-ақ төтенше жағдайларда іс-қимыл дағдыларын қалыптастыру мақсатында «Жас құтқарушы» аудандық слеті өтті.

Жарыстың ашылу салтанатында Қаратөбе ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Мэлс Искаков құттықтау сөз сөйлеп, слетке қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жас құтқарушылар сайысына 12 мектептің командалары қатысты. Шара барысында қатысушылар түрлі кезеңдер бойынша өздерінің ептілігі мен дайындығын көрсетті. Сайыс «Визит карточкасы», «Өрт эстафетасы», «Саптық дайындық», «Алғашқы көмек көрсету», «Авариялық-құтқару жұмыстары» кезеңдерінен тұрды. Әр кезеңдегі жарыста оқушылар бар күш-жігерлерін салып, намысқа тырысы бақты.
Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте І орынды Мұхит атындағы ЖОББМ-нің командасы еншілеп, жарыс жеңімпазы атанды. ІІ орын Қаракөл МББК-нің командасына бұйырса, ІІІ орынға Қалдығайты ЖОББМ-нің командасы тұрақтады.
Әр бағыт бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар жекелей марапатталды. Мұндай іс-шаралар оқушылардың төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастырып, қауіпсіздік мәдениетін арттыруға үлкен ықпал етеді.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы