Бөкей ордасы аудандық мәдениет үйінде Отан қорғаушылар күніне және Жеңіс мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.

Салтанатты шара мемлекеттік Тудың кіруімен басталып, мемлекеттік қызметке жаңадан кіріскен жас мамандардың ант берумен жалғасты. Атап айтқанда, аудандық полиция бөліміне жаңадан кірген қызметкер Темірлан Жеңісұлы мен «Орда» шекара бөлімшесіне жаңадан кірген қызметкер Ұлыбек Абылхас ел алдында Ата Заңға қолдарын қойып, ант берді.

Аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов жиналған қауымды мамыр мерекесімен құттықтап, игі тілегін білдірді.
– Мемлекетіміздің айбынды мерекесі Отан қорғаушылар күні болса, қастерлі мереке Жеңіс күні саналады. Қай дәуірде болмасын, Отан қорғау әр Қазақстан азаматының қасиетті борышы. Бейбіт өміріміздің сақшылары болып жүрген әскери қызметшілерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен қауіп-қатердің алдыңғы шебінде жүрген азаматтарымыз қандай құрметке де лайық, – деп бірқатар азаматтарды марапаттады.
Мерекеде мерейі үстем болған жерлестерімізді атап өтсек, аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің аға учаскелік инспекторы, полиция майоры Аслан Сансызбаев, аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің аға учаскелік инспекторы, полиция капитаны Айдос Жексенбаев, «Орда» шекара бөлімшесінің бастығы, аға лейтенант Мейіржан Майрамбаев пен осы бөлімшенің қызметкері, аға сержант Асқарбек Ахатов, «Сайқын» шекара бақылау бөлімшесінің қызметкерілері ефрейтор Орынбек Оңаев пен қатардағы жауынгер Думан Мұханғали, «Шоңай» шекара бөлімшесінің қызметкерлері сержант Манас Бахитов пен кіші сержант Мақсат Байжанов, аудандық қорғаныс істері бөлімінің қызметкері Теміржан Байшеркешев, №26 өрт сөндіру бекетінің автокөлік жүргізушісі, аға сержант Мержан Қауленов пен №19 өрт сөндіру бекетінің автокөлік жүргізушісі, сержант Ғабит Бисембаевтар аудан әкімінің алғысхатына ие болды.
Сонау 1986 жылы Украинаның Чернобыль қаласындағы атом электр стансасының төртінші блогы жарылыс болғаны ел есінде. Сол қасіретке биыл 40 жыл толып отыр. Апаттың зардабын жою жолында жүз мыңдаған сарбаз жұмылдырылды. Апат салдарын жоюға қатысып, ерлік пен батылдықтың үлгісін жас ұрпаққа насихаттау бағытында көрсеткен жерлестеріміз Нұрлау Бектелеуов пен Темірхан Әйтенов батылдығы үшін «Чернобыль ардагерінің ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Бейбіт күннің батырларының абыройын асырып, мерейін үстем қылған салтанатты жиын соңы аудандық демалыс орталығының көркемөнерпаздары әзірлеген «Ел үшін туған ерлер» атты мерекелік концертімен жалғасты.


Анар Артықбай
Суретке түсірген Әділет Абдиров
Бөкей ордасы ауданы