7.05.2026, 13:00
Оқылды: 1

Казталовта «Айбынды елдің айбарлы ұландары» атты мерекелік кеш өтті

7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Казталов аудандық мәдениет үйінде «Айбынды елдің айбарлы ұландары» атты ауқымды мерекелік шара ұйымдастырылып, азаматтарға ерекше құрмет көрсетілді.

image-07-05-26-02-44-1

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Бұл — тек әскери қызметшілер үшін ғана емес, баршамызға ортақ қастерлі мереке. Елін қорғау — әрбір азаматтың перзенттік парызы. Туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі», — деп атап өткен болатын.

image-07-05-26-02-44

Кеш шымылдығы Нұрбек Мұхамбетқалиевтің «Батыр бабалар аманаты» атты рухты көрінісімен ашылып, бұл көрініс «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» деген қанатты сөздің мәнін терең сезіндіре алды. Бұл қойылым арқылы бүгінгі ұрпаққа бабалар аманаты елді қорғау, жерді сақтау екені айқын жеткізілді десек артық айтқандық емес.

Салтанатты жиында аудан әкімі Асланбек Сарқұлов сөз сөйлеп, жиналған қауымды қос мерекемен құттықтады. Аудан әкімі өз сөзіңде: Абылайхан бабамыздың «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деген қанатты сөзін басты қаперде ұстап жүру қажет екенімізді айтты. Ел қорғаны болып жүрген азаматтарға ризашылығын білдіріп өз алғысын жеткізді. Сондай-ақ «Батыр туса – ел ырысы» дегендей, елдің тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында қызмет етіп жүрген жандардың еңбегі әрдайым жоғары бағаланатынын тілге тиек етті.

image-07-05-26-02-44-3

Салтанатты жиында түрлі салада абыройлы еңбек етіп, ел игілігі жолында қызмет атқарып жүрген азаматтар алғыс хаттармен марапатталды. Атап айтар болсақ, Данияр Ғаниұлы, Жасұлан Ізбасарұлы, Жанабіл Оңдасынұлы, Біржан Мерзиянұлы, Аят Сайынұлы, Абылай Абайұлы, Наурызбай Еркебайұлы, Мирас Қуанышұлы, Жарасхан Әліпқалиұлы, Әнуар Альбертұлы. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» демекші, олардың атқарған істері кейінгі буынға өнеге, көпке үлгі болары анық.

image-07-05-26-02-44-4

Кеш концерттік бағдарламаға ұласып, сахна төрінде патриоттық әндер шырқалып, әсерлі билер ұсынылды.

image-07-05-26-02-44-2

Өнерпаздардың әрбір қойылымы көрерменге ерекше рух сыйлап, «Туған жерге туыңды тік» деген ұстанымды тағы бір мәрте жүректерге ұялата білді.

Ернәсіл Рысқалиев

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале