ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен еліміздің бас қаласында «ProEco» атты байқау өтті.

Бұл – 5-8 сынып оқушылары арасында өткізілетін республикалық экологиялық жобалар байқауы. Экологияға қызығушылығы бар, зерттеу, шығармашылық және сыни ойлау қабілеті дамыған дарынды жас зерттеушілердің аудандық, облыстық кезеңіне қатысып, жүлде алған Бөкей ордасы ауданы, Жәңгір хан мектебінің 5-сынып оқушысы Бақытгүл Файзхан облыстық құрама команда сапында дәл осы Астанада өткен байқауға қатысты.
Талапты шәкіртіміз жүзден астам қатысушы арасынан жүлделі ІІ орынды иеленді. Әрине, бұл жерде бағыт берген Альфия Ринатқызының да, қолдау білдірген ата-анасының де еселі еңбегі бары сөзсіз.
– Бақытгүл – озат оқушы. Шәкіртімнің жетістігі тек бұл емес. Былтырғы оқу жылында да Бурабайда өткен республикалық «Зерде» ғылыми жобалар байқауында да ІІІ орын алды. Бақытгүлдің таңдаған бағыты – «Туған өлке табиғаты», тақырыбы – «Хан Ордасы ауылының экожүйесі». Бұл жобада Хан Ордасы ауылының экожүйелері – қарағайлы орман, дала және Нарын құмы жан-жақты зерттелді. Жұмыстың мақсаты – туған өңірдің табиғи ерекшеліктерін анықтап, олардың бірегейлігін көрсету және заманауи цифрлық технологиялар арқылы виртуалды форматта таныстыру. Бақытгүл шәкіртім титтей боп алып, туған өлкесінің туризмін танытуға үлес қосып отыр деп мақтанышпен айта аламын, – дейді жетекшісі Альфия Аксенова.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы