Қаратөбе ауданына қарасты Қоскөл ауылында жаңа өрт сөндіру пункті ашылды.

Салтанатты шараға аудан басшылығы, төтенше жағдайлар саласының қызметкерлері, ардагерлер мен ауыл тұрғындары қатысты.

Жиында сөз алған Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Орынбасарұлы жаңа нысанның маңызына тоқталды.
– Бүгін баршамыз үшін маңызды әрі қуанышты күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Азаматтардың қауіпсіздігі – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі» деп атап өткен болатын. Бұл – елімізде халықтың тыныс-тіршілігі мен әл-ауқатын арттырумен қатар, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айрықша мән беріліп отырғанының айқын дәлелі.
Аталған жоба аясында ауылдағы бос тұрған иесіз ғимарат толықтай жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізілді. Осы мақсатқа аудандық бюджеттен 18,0 миллион теңге қаралып, нысан заманауи талаптарға сай жабдықталды.
Бұдан бөлек, аудандық бюджеттен қосымша 7 миллион теңге бөлініп, өрт сөндіру пунктінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге жағдай жасалды. Атап айтқанда, 6 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, жанар-жағар маймен, техникаға қажетті құралдармен толық қамтамасыз етілді, – деді аудан әкімі.
Шара барысында Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі Жанболат Жасқайратұлы құттықтау сөз сөйлеп, ауылдық елді мекендердегі қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жұмыстарды атап өтті.

Салтанатты рәсім кезінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында арнайы техниканың кілті табысталды. Қызметтік автокөліктің кілті Әділет Мусағаливке берілді.

Іс-шара соңында Қаратөбе ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Мэлс Тлектесұлы қонақтарды жаңа өрт сөндіру пунктімен таныстырды. Ол нысанның жұмыс жүйесі, материалдық-техникалық жабдықталуы және арнайы техникалардың мүмкіндіктері жөнінде мәлімет берді.
Р. Абай,
Қаратөбе ауданы