8.05.2026, 17:45
Оқылды: 7

  Мен – майдангердің ұрпағымын

Қиқулап қаздар қайтып барады. Тортөбел мінген қария артына бұрылып:

– Ақмешіт, атамекенім, мен оралмасам да, менің ұрпағым саған қайтып оралар, оған дейін аман бол, асыл бесігім! – деп күрсініп алды. – Кетпеске амал жоқ. Мал былай тұрсын, ұрпағымды түгел құртпақшы мына әзірейіл үкімет. Етің борша, арқаң жоса болғанға төзуге болар, буыны қатпаған шыбығыңды сындырғанды кім көтере алады? Құран кітапты қашып жүргенде, белден төмен түсіріп, қасиетін кетірермін. Соналы көлінің қыр бетіне көміп кетейін. Тілекші болып жатсын. Хас шебердің қолынан шыққан атадан қалған күміс сандыққа, көз жауын алатын зергерлік бұйымдардың үстіне, кенепке мықтап оралған Құран кітапты салып, асықпай қақпағын жапты. Кісі бойы қазылған шұңқырдың түбіне жусан төсеп, тоқылған шимен сандықты орап, үстіне салды. Бетіне тағы да қалың қылып жусан жауып, бетін құрғақ құммен тегістеді, түйе сазбен нығыздап тапады.Үстіне шым төсеп, елеусіз қылып тас қойды...

Болашақты болжап айту Алланың хош иісінен жаралған әулиенің қолынан ғана келеді. Өткенді еске алып айту естінің қолынан келеді. Айтылмаса, сөздің атасы өледі. Қандарында қыранның қайсарлығы мен тұлпардың демі бар, текті оғландардың фәниде тар жол, тайғақ кешкен өмірін тасқа басып жазса да, артық болмайды. Болаттан соғылған қылышты отқа салсаң, қайтып балқымайды. Батыр ұстаса, мамықтай салмағы болмай, қолының жалғасындай бітісіп кетеді. Жаратылысы бөлек адамның тәні жүдесе де, жаны жүдемейді. Тағдыр сынағынан сүрінбей өткен пенденің тілегін жаратушы қабыл етеді.  Адам адамға кектеніп, қанша қатыгездік жасаса да, оның тағдырын өзгерте алмайды...

Күз. Ызғырық жел. Суық ауа кеудеңді шаншиды. Маған қазір пана болып жүрген ой мен сай. Қырсыққанда қыр да көбейіп кетеді екен. Оның бәрін айналып өту керек. Даладағы қаңғыбас қаңбақ та артымнан ілесе домалап, қуғыншыдай зәремді алады.  Мына бақырауық ешкі әбден мазамды кетірді. Ешкі біткенді түгел сойып, етін қақтап алу керек. Сиыр да жүрісі өнбейтін мал. Оның үстіне қимас бірдемесін жоғалтқандай ара-тұра мөңірей береді. Мұның бәрі арттағы із кесушілерге айқын белгі.
«Әй, Төсбай, састым дейсің, артыма қарамай қаштым дейсің, құйрыққа қамшы бастым дейсің» деп қарғалар да төбемді айналып ұшып қарқылдайды. Сауысқандар да сумаң-сумаң етіп, өсекші әйелдей қалықтап, қасымыздан кетпейді. Жылқы айдап кеткен Еспол мен Мырзағұлдар енді Утва өзенінің бойына жеткен болар? Жылқы жігіттің пырағы екен ғой. Тұяғын созса, күндік жерді алты аттайды. «Ат басына күн туса, ауыздығымен су ішер, ер басына күн туса, етігімен су кешер» деп қайран аруағыңнан айналайын, ата-бабам, осының бәрін басынан өткізгесін айтқан екен.

Қыземшек тауының етегін басып орналасқан Қайыңды ауылының маңына барып, қызыл өрт секілді тілі жалаңдаған үкіметтің тепкісінен қашқан текті ұрпақ тебіндік тауып, біраз аялдайды. Туатай мен Тоқта, Шырдай руынан тараған ағайындар жат жұртты жатырқамай, іштартып орталарына алады. Жылылық күткен адамға жымиған күлкінің өзі маздаған оттай сәуле шашады. Ол жақтың қысы ұзақ келеді екен. Көктемінде ұзын сарының сыбағасы болады екен. Ілінген малды садақа, қалған малды олжа дейді екен. «Топырақ бұйырған жерден, ырыс отырған жерден» дегендей дәм-тұзың таусылып тұрса, ешқайда қашып құтыла алмайсың. Төсбайға осы жердің құнарлы топырағын көрпе қылып жабуға нәсіп еткен екен. Қайыңдының терегі тербеліп, асыл ерді құшағына алды. Тоқтаусыз уақыт бір керуеншісін түйесінен түсіріп, өзі тағы да ұзақ сапарға ойланбастан  аттанды.

Қызыл үкіметтің маңында сепектеп жүрген ұзын құлақ қоян, көзі көргіш сона, тілі ұзын түлкі, қырынан шабатын көк жал қасқырлар көп еді. Қыстың қақаған суығында, борбайдан асқан қарды кәрі аттың қан сорпасын шығарып келген жанашыр ағайын, бой жылытып алғаннан кейін, шам түбінде үлкендерге көзін бірде сығырайтып, біресе бақырайтып, демі таусыла сыбырлап, құпия әңгіме айтты. Таң атысымен суыт жүргіншіні төс қағыстыра құшақтасып, жолға шығарып салып тұрып, артынан бәрі бір адамдай беттерін сипады. Аяз өрнегін салған әйнекті ыстық демімен үріп, сығалап қарап тұрған баласын байқап қалған Мырзағұл демін ішіне тартып: «Жол-аман, жұбанышым, жолымызды аша гөр! Атыңнан айналайын, періштем!», – деп іштей өзімен-өзі сөйлесті.  Алда тілін білмейтін, жирен шашты, қазан басты, бойы бітік, жер бетінің орманын олжалап алған орыс ағайындардың жеріне аяқ басу керек еді...

WhatsApp Image 2026-05-08 at 15.58.38

Шешінген судан тайынбас дегендей, Павелдің айтуы бойынша, төменгі Новгород шаһарына жетсек, бізді қамқорлайтын оның досы бар көрінеді. Өзі нағыз жігіттің төресі. Бізге келгеннен бері өзінің байырғы туысын көргендей көмектесіп жүр. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде бір аяғынан ауыр жарақат алған. Одан кейін Нижний Новгородта Ригадан эвакуациямен аударылған қорғаныс қаруларын шығаратын «Фельзер» зауытында жұмыс істеген. Волга маңындағы бұлғырлармен көп араласып, Айқыз атты бұлғыр қызына үйленген. Мұсылман дәстүрін жақсы біледі. Қазір қарт анасын алып кетуге келген екен. Ауыр науқасы бар ана: – Мені жолыңа жүк қылмай, осы елге тастап кет, – дейді. Кім анасын далаға тастасын? Жөні болар, жазылар деп әліптің артын бағып жүрген жайы бар екен. Ақпан айының ақ боранында төсек тартып жатқан анасы  мәңгілік сапарға кетті. Мырзағұл бастаған жігіттер қолда барын аямай бөлісіп, көмектерін берді. Павелге шын ниеттерімен көңіл айтып, ананы-мынаны сылтау етіп, қанға сіңген қазақ дәстүрінше жеті күн бойы жалғыз қалдырмай, қасында болды...

Еділдің бойындағы ен тоғайға, жағалай қоныстанған сансыз кент мен шаһарларды басып өтіп, Ока мен Волга аймалап өтіп жатқан мүйісте, қақпасын тарихында ешбір жау бұзып өтіп көрмеген, көне қала Нижний Новгородқа сегіз ай бойы аялдап жүрумен жетеді. Кезінде осы жердегі ерікті қара халықтан жасақталған қолымен староста Кузьма Минин мен князь Пожарский Мәскеуді поляктардан азат еткен. Сондықтан Ресей жұртына бұл өлке батырлығымен қатар табаны тайып көрмеген тұлпардай аса құнды қала болып есептеледі. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде, еуропа босқындарымен бірге, түрлі зауыт фабрикалар да осы жерге көшірілген. Жастардың басым көп-
шілігі сол зауыттарда аула сыпырудан бастағанымен, кейбір зеректері слесарь, фрезеровщик, штамповщик кәсіптерін еш оқусыз, арнайы мамандардың қасында жүріп, үйреніп алатын. Павел де осы жолмен жүріп, станокта темірдің жүнін түтіп, жібін иіретін маманға  айналған.

Сансыз көп халықтың бір пайдасы  әркім өз шаруасымен жүреді екен. Қол қусырып аспанға қарап тұрған адамды көрмейсің.  Жарық күн аздай, кеңірдегін аспанға созған зауыттардың мұнарасынан шыққан түтін бурадай бұрқырап, зіл темір балғалары түнімен тарсылдап, тыныштық бермейді. Пашаның досы абырой болғанда, адуынды бастық болып шықты. 1932 жылы қала атауы өзертіліп, Горький есімі берілген кез. Бұл «Ford Motor» авто алып компаниясымен бірлескен 1930 жылы бастаған құрылысын аяқтау мерзімі болатын. Аталмыш зауыт кейін Ресей автопром индустриясының алыбына айналады.  Қазірдің өзінде, бұл зауыт, Еуразия құрлығы бойынша, сан түрлі ныспылы аутокөлік шығаратын алыптардың қатарында. Қырдан барған он сегіз отбасының барлығы да уақыт өте келе өздерінің қабілетіне қарай, кәсіп пен мамандықтарды еншілеп, қала халқының біріне  айналып  кетеді...

Адам жақсы нәрсені тез ұмытады. Көсіліп құс көрпеде жатса да қанағат тұтпай, аспандағы ақ бұлттарды жастанғысы келеді. Хор қызындай сұлуды алса да, пері қызына қырындайды. Атағы жер жарып жұлдызы жанса да, сөнбес күн болсам деп армандайды. Әйтеуір не керек, қысқасы, Құдай болғысы келеді. Ал, қалт етпей, он сегіз мың ғаламның тіршілік әлемін билеп тұрған, тоқсан тоғыз көркем есімді, құдіреті айқын, мейірімі шексіз Жаратушымен кім теңесе алады?! Бақ қонып, байлыққа кенелген адам асылық айта бастаса,  тозақтың зіл батпан ауыр қақпалары ыңырсып ашылады. Әр жұма сайын  талантың тас жарып бара жатса да, өзіңнің бастау алған қайнарың, ата-бабаңды есіңе ал. Құдайға құлшылық ет. Қазан көтеріп ас бермесең де, шелпек пісіріп дұға оқы. Жеті жылда құрбандыққа кемінде бір рет мал шалып, садақа бер. Жетілдім деп жүріп тура жолдан адаспа. Әр адамның ойын күйзелтіп, жүрегін қысатын жан жарасы болады. Сонысын бетіне басып, терісін сыпырма. Сенің алдыңда не күтіп тұрғанын қайдан білесің ?!.

Эпилог

Төсбай  немересі  Жоламан Мырзағұлұлы  1993  жылы  9  мамыр  Жеңіс  күні  78  жасында  дүниеден  өтті.14  жасында  Қаратөбе  елі,  Соналы  көлінің  жағасындағы  ауылда  тұратын  атасы  Төсбайды  және  аталастарын  Кеңес  үкіметі  байдың  тұқымы  деп  қудалағандықтан  1929-30  жылдары  елден  кетуге  мәжбүр  болады.  Олармен он  сегіз  отбасы  бірге  шығып,  біраз  жерді  басып  өтіп,  Горький  қаласына  орнығады.  Олардың  көпшілігі  қаладағы машина  жасау,  қару  шығару  зауыты  мен  киім  тігу  фабрикаларында  жұмыс  істейді.  Сол  жақтан  соғысқа  аттанады.  Екі  жылдай  тұтқында  болады.  1945-46  жылдары  Мәскеуді  қалпына  келтіру  жұмыстарына  қатысады.  17  жылдан  соң  елге  оралып,  Қызылқұрт  руының  Әсима  есімді  қызымен  отбасын  құрады.  Отбасында  10  бала  тәрбиелеп  өсіреді.  Ұзақ  уақыт  бойы  кеңшардың  ірі  қара  малын  бағып,  еліне  қызмет  жасайды.  1975  жылы  зейнеткерлік  демалысқа  шығады.  Өзінің  ерліктері  туралы  ешкімге  тіс  жарып  айтқан  жоқ.  Кеңес  өкіметі  ол  туралы  мәліметті  құпия  ұстаған  болатын.  Ұрпақтары  қарашаңырағын  Ақмешіт  жерінде  әлі  ұстап  отыр.  Осылайша  текті  ердің  тұяғы  тебіндік  жеріне  қайта  оралып, ұрпағын  жалғастырады.  Қазіргі  таңда  11  немере,  18  жиен-немере  және  49  шөбересі  аталарын  мақтанышпен  еске  алады.

Жақия Есполов та  еліне Жоламанмен  бірге  аман-есен  оралады.  Беріштің қызы    Жәнияға  үйленіп,  бір  ұл,  үш  қызды  тәрбиелеп  өсірді.  «Шөптікөл» совхозында 100  саулықтан  124-145  қозы  алған  үздік  шопан  болып  табысты  еңбек  етеді.  Ол бірнеше  мәрте  Кеңес  үкіметінің медальдарымен  марапатталды.  Елде Құран оқи  алатын  сәулелі  азаматтардың  бірі  болды.  Зейнеткерлік демалысқа  шыққаннан кейін  де  қоғамдық  жұмыстарға  белсене араласты.  2008 жылы 17 наурызда  93  жасында  дүниеден  өтті.  Екі дос  бір-бірімен  үнемі  отбасыларымен  бірге  сыйласып, өмірлерінің соңына дейін араласып тұрды.

Гүлнар Жоламанова,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале