Мереке күндері Теректі ауданы әкімі Әлия Мұханбетжанова бастаған бірқатар лауазымды тұлғалар ауданымыздың майдангерлерін Жеңіс күнімен құттықтап, құрмет көрсетті.

Аудан басшысы Әлия Биғазықызы, аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев және Теректі ауданының прокуроры Бауыржан Молғалиев ғасырға жуық өмір сүрген 97 жастағы Сания Серикованы атаулы күнмен құттықтап, ақжарма тілектерін айтып, сыйлығын табыстады. Тоқсанды алқымдаған әжеміз әлі де тың, келген меймандарды қуана қарсы алып, әңгімесін айтты. Үй иелері қонақтарға дәстүр бойынша ақтан дәм татқызды. Еліміздің әртүрлі тарихи кезеңдерінің куәгері болған абыз әжеміз қолын жайып:

-Е, құдайым оңдасын, пайғамбар болсын жолдасың! Сөзінің сертіне тұратын, сенімді болсын жолдасың. Жолыңды кесем дегендер, ешқашан да оңбасын! Жақсы болсын істерің, тәтті болсын түстерің. Көрмеген жерді көріп қайт, қайырылып сәлем беріп қайт. Ризығың сыртта шашылса, оны да түгел теріп қайт. Айдарыңнан жел есіп, желіп барып, желіп қайт! Дақ түспей арларың мен бағыңа, сау-саламат сендерменен кездесейін тағы да!-деп батасын берді.
Құттықтау рәсімін аудан әкімінің орынбасары Темірболат Сағынгереев жалғастырып, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Руслан Шарапиевпен бірге Умут Сарсенованың шаңырағына барды.
Басшылар тыл ардагерін мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін арнап, аудан әкімінің сәлемдемесін жеткізіп, тарту жасады. Әжеміз жайдарлы қалпымен әңгімесін айтып, келген қонақтарды батамен сусындатты.
-Елімізді оттан, топан судан, тілсіз жаудан сақтасын! Ұйқымыз тыныш болсын, үйімізге ырыс қонсын. Жастарың ұзақ болсын, не ойласаң сол болсын. Отырған орның төр болсын! Абыройың өрлесін, еш жамандық көрмесін! Жерімізге ешкім аяқ басып тимесін! Аман болсын мал басы, жүре берсін саудасы! Адал еңбекпен қайда жүрсең де, елге елеулі, халыққа қалаулы болыңдар. Бала-шағаңызбен жер шарында жайылып жүре беріңдер!» деп, ілтипатпен игі тілегін арнап, батасын жаудырды. «Әкем – қазақ, шешем – қазақ, болмаймын ешкімге де мазақ! Батыр да болған қазақ, ақын да болған қазақ!» - деп мақтанып жүретінмін дейді Үмут әжеміз өз сөзінде.

Кейінгі бағытта аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жандос Сұңғатов пен “Amanat” партиясы Теректі аудандық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Саят Тарғынов тоқсанды арқалаған тыл ардагері Малика Баймұхамбетованы мейраммен құттықтап, ізгі ниет білдіріп, арнайы сыйлық берді.
Құттықтау рәсімі келесі күнге ұласып, аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова, аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев және аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Руслан Шарапиев Ақжайық ауылдық округіне жол тартып, Ұлы Отан соғысының ардагері, 99 жастағы Лев Иванович Дорофеевтің шаңырағына барып, сый-құрметін көрсетті.
Келген жолаушыларды Ақжайық ауылдық округінің әкімі Болат Кадыралиев қарсылап алып, бағыттады. Аудан басшысы Әлия Биғазықызы Лев Ивановичті айтулы мерекемен құттықтап, ізгі тілек хаты мен арнайы сый-сыяпатын ұсынды. Сонымен қатар кездесу барысында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Руслан Әкімжанұлы Қорғаныс министрінің құттықтау хаты мен гүл шоқтарын табыстады.

Көпті көрген майдангердің ақ түскен әр шашы мен денесіндегі әр әжім өмір тарихының ізін көрсетіп, өткен күндерден хабар беріп, дауыстап сыр шертіп тұрғандай. Қиын-қыстау кезеңді басынан өткеріп, сұм соғысты көрген ардагер Теректі өңірінде тамырын жайып, атына заты сай батылдықтың, тірі тарихтың куәгеріндей ғасырға жуық өмір сүріп келеді. Атамыздың жасы биыл 100-ге толмақ.
Бұл буын – екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерімен замандас болу бұйырған соңғы ұрпақ.
Атап өтетін жайт, бүгінгі таңда Теректі ауданында Ұлы Отан соғысы ардагерінің соңғы тұяғы қалса, тыл еңбеккерлерінің саны – 115.
Қаламқас Аманжолқызы
Теректі ауданы