Бүгін Казталов ауданы орталығында Жеңіс күніне орай сұрапыл соғыс жылдарында ерлікпен қаза тапқан боздақтарды еске алуға арналған тағзым ету іс-шарасы өтті.

Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев, «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ернар Ильясов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов, сондай-ақ мекеме басшылары, қоғам өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.

Шараға қатысушылар аудан орталығындағы «Жеңіс» саябағында орналасқан Ұлы Отан соғысы майдангерлеріне арналған мемориалдық тақтаға және «Даңқ» орденінің толық кавалері Қайырғазы Имашевтың ескерткіш бюстіне гүл шоқтарын қойып, майдан даласында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.

Жеңіс күні батырлық пен бірліктің, елдік пен отансүйгіштіктің мәңгілік символы. Ардагерлердің ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің жанкешті еңбегі кейінгі ұрпаққа әрдайым өнеге болып қала бермек.
Асылбек Нәсіпқалиұлы
Казталов ауданы