Адам өміріндегі ең қастерлі де жауапты мамандықтардың бірі – дәрігерлік қызмет. Дәрігер – тек ауруды емдеуші маман ғана емес, ол – адам өміріне араша түсетін, үміт сыйлайтын, халық саулығын сақтауға бар ғұмырын арнайтын абзал жан. Сондықтан да денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, кәсіби шеберлігімен ел құрметіне бөленген азаматтардың өмір жолы қашанда кейінгі ұрпаққа үлгі.

Осындай ел игілігі жолында еселі еңбек етіп келе жатқан білікті дәрігер, тәжірибелі ұйымдастырушы, Лубен орта мектебінің 1982 жылғы түлегі Қалдыбаев Жарас Төлешұлы.
Жақында аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев жерлесіміз Жарас Қалдыбаевпен кездесіп, оның өмір жолы мен еңбек тәжірибесі жайлы тағылымды әңгіме өрбітті. Кездесу барысында ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар,медицина саласының маңызы, халық денсаулығын сақтау жолындағы адал еңбек, жас мамандар тәрбиесі туралы кеңінен сөз қозғалды.
Жарас Төлешұлы еңбек жолын әскери медицина саласында бастады. Ол алғашқы қызметтерін КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Үкіметтік байланыс полкінде медициналық пункт бастығы ретінде атқарды. Бұл кезең жас маманның кәсіби тұрғыдан шыңдалуына, тәртіп пен жауапкершілікті терең түсінуіне үлкен мектеп болды.
Кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүйесінде түрлі жауапты қызметтер атқарып, медициналық қызметтің дамуына елеулі үлес қосты. Атап айтқанда, медициналық қызмет бастығы, емхана бастығының орынбасары, әскери емхана басшысы, эпидемиологиялық бөлім жетекшісі секілді маңызды лауазымдарды абыроймен атқарды. Әрбір қызметінде өз ісіне деген адалдық пен жоғары жауапкершілікті көрсете білді.
Көп жылғы тәжірибе мен кәсіби білімнің арқасында Жарас Төлешұлы денсаулық сақтау саласындағы басқару ісінде де жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Қазақстан Республикасы ҰҚК Академиясының медициналық қамтамасыз ету бөлімін басқару арқылы өзінің ұйымдастырушылық қабілетін айқын танытты. Сонымен қатар №30 қалалық емхананың бас дәрігері қызметін атқарып, халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуді жетілдіруге күш салды.
Нағыз маман үнемі ізденіс үстінде жүреді. Жарас Қалдыбаев кәсіби дамуды назардан тыс қалдырмай, денсаулық сақтау менеджменті мен сәулелік диагностика бағыттары бойынша біліктілігін арттырды. Бұл оның заманауи медицина талаптарына сай еңбек етуіне мүмкіндік берді. Оның өмір жолынан үздіксіз білім алу мен кәсіби шеберлікті жетілдірудің маңызын анық көруге болады.
Жарас Төлешұлының медицина саласындағы еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалімен, II дәрежелі «Ұлттық қауіпсіздік қалқаны» медалімен, «№5449 Әскери бөліміне 50 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.
Сонымен қатар «Шекара қызметінің үздігі» III дәрежелі төсбелгісімен, «ҰҚК-КНБ Қазақстан» III дәрежелі төсбелгісімен марапатталуы – оның ел қауіпсіздігі мен медицина саласындағы адал еңбегінің айқын дәлелі.
Денсаулық сақтау ісіндегі сүбелі еңбегі үшін оған «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Алтын дәрігер» атақтары берілді. Сондай-ақ «Шекара әскерлеріне 90 жыл» естелік белгісімен марапатталып, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағына ие болды.
Оның еңбегі халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып, «AVICENNA Алтын жұлдызы» құрмет белгісімен марапатталды. Ал Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарын жою кезіндегі әскери борышын адал атқарғаны үшін «Құтқарушы батыр» орденіне ие болуы үлкен ерлік пен отансүйгіштіктің белгісі.
Жарас Төлешұлының өмір жолы жас ұрпақ үшін үлкен өнеге. Оның бойындағы еңбекқорлық, жауапкершілік, мамандыққа деген адалдық, елге қызмет ету қасиеттері әрбір жас маманға үлгі болары сөзсіз. Қай салада болмасын жетістікке жетудің басты кілті өз ісіңді сүю, үздіксіз іздену және халыққа адал қызмет ету екенін оның ғұмыры дәлелдейді.
Бүгінде қоғамда дәрігер мамандығына деген құрмет ерекше болуы тиіс. Себебі адам денсаулығы – ұлт байлығы. Ал сол байлықты сақтауға өмірін арнаған азаматтардың еңбегі әрдайым қадірлі.
Жарас Қалдыбаевтың саналы ғұмыры жас ұрпаққа рухани тәрбие беріп, елге адал қызмет етуге үндейді.
Светлана Ешматқызы,
Шыңғырлау ауданы