Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен кеңесте облыстық құрылыс басқармасының да есебі тыңдалды.
Басқарма басшысы Арман Өксікбаевтың есебінше, өңірде биыл алты мектеп салынады. Қала әкімі бір мектеп құрылысына жобалық құжаттама дайындалып жатқанын айтты.
Облыс әкімі басқарма басшысына көлтабанды суармалы жерлерді қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар пысықталып, бір жұма уақыт ішінде аудандардың басшыларына нақты жұмыс жоспарын жасау қажеттігі ескертілді. «Ирригациялық жүйелерді жасау – Елбасы тапсырмасы. Шаруашылықтарға мал басын өсіруге септігін тигізетін жүйелерден бастайық», - деді А. Көлгінов.
Басқосуда есеп беруші «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», елді мекендерді ауыз сумен қамту бағдарламалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады. Облыс басшысы аудандарға алдағы жылы атқарылатын жобалар бойынша құжаттама дайындауды тапсырды. Жиында жемқорлық фактілері болуы ықтимал жағдайлар талқыланып, құрылыстың сапасына, қаржының игерілуіне, құрылыстардың сәулеттік келбетіне назар аударылуы талап етілді.
Кеңесте сонымен қатар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама, облыстық сатып алулар, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, облыстық қаржы, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, облыстық денсаулық сақтау және облыстық білім басқармаларының басшыларының есептері тыңдалды. Облыс әкімі барлық басқарма және аудандардың басшыларына, қала әкіміне биылғы жылға жоспарланған жұмыстардың басы-қасында жүріп, олардың орындалуын бақылауды, тапсырды.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
«Орал өңірі»
zhaikpress.kz