15.05.2026, 9:15
Оқылды: 20

Оқуға құштар ұлт – болашағы мықты ұлт

Бүгін Дән мәдениет үйінде «Мен оқыған 30 кітап» жобасының аудандық байқау кезеңі өтті. Бұл байқау өз тарихын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен кітап оқу мәдениетін қалыптастыру қағидаты аясында басталған игі жобадан алады.

image-14-05-26-10-23

Алғаш рет өткен жылы Казталов ауданында ұйымдастырылған бұл жоба эстафета түрінде жалғасып, биыл Шыңғырлау ауданында аудан әкімі Мұрат Амангелдіұлы Өмірәлиевтің қолдауымен тамыз айында облыстық деңгейде өткізілуі жоспарлануда.

Осы жобаның аудандық кезеңі бүгін Дән мәдениет үйінде ұйымдастырылып, Шыңғырлау ауданының әр ауылынан келген 20 оқушы бақ сынады. Қатысушылар алдын ала бекітілген 30 кітапты оқып, #Меноқыған30кітап хештегі арқылы мәдениет бөлімі мен аудандық орталықтандырылған кітапхананың Facebook парақшаларында оқыған шығармаларының мазмұнымен бөлісті.

Бүгін байқаудың қорытынды кезеңінде оқушылар арнайы дайындалған тестілеу тапсырмаларын орындап, өз білімдерімен кітапқа деген қызығушылықтарын көрсетті. 8–11 сынып оқушылары арасында өткен байқаудың қазылар алқасы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене-шынықтыру және спорт бөлімімен арнайы бекітілді. Қазылар құрамында ауданның құрметті азаматы, ақын Адақ Танабайұлы, құрметті ұстаз, аналар кеңесініңтөрайымы Кітабия Ескендірқызы, ақын Самат Байболат және аудандық орталықтандырылған кітапхана директоры Гүлмира Макарқызы болды.

Байқаудың салтанатты ашылуында бөлім басшысы Олжас Нұрланұлы:

«Бұл байқау – кітапты серік еткен жас оқырмандардың білімі мен ой-өрісін, рухани байлығын көрсететін ерекше алаң. Кітап – үнсіз ұстаз. Ол бізге бағыт береді, тәрбиелейді, ойландырады. Бүгінгі байқау – оқыған дүниелеріңізбен бөлісіп, өз ойларыңызды ортаға салатын мүмкіндік. Сондықтан өздеріңізді еркін көрсетіп, бар қабілеттеріңізді танытыңыздар. Бүгінгі жеңімпаз ауданымызда өтетін облыстық байқауда Шыңғырлау ауданының намысын қорғайды. Қадамдарыңызға сәттілік тілеймін!” – деп ізгі тілегін білдірді.

Сонымен қатар, бөлім басшысы қазылар алқасына алғысын білдіріп, жазушы әрі публицист Бауыржан Ғұбайдуллиннің «Намыс найзағай» кітабын тарту етті.

Байқау қорытындысы бойынша, ІІІ орын және 50 000 теңге ақшалай сыйлық – Ғаділбек Нұрдәулетке; ІІ орын және 80 000 теңге ақшалай сыйлық – Амандәулет Фаризаға; І орын, 100 000 теңге ақшалай сыйлық және облыстық «Мен оқыған 30 кітап» байқауына жолдама – Қабидуллиева Азизаға табысталды.

image-14-05-26-10-23

Байқауға қатысқан барлық оқушылар арнайы дипломдармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Кітап өткеннің шежіресі, болашақтық бағдары.

Сара Шакрат

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале