Бүгін Сырым аудандық мәслихатының ХХХХVII сессиясы алдында тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті. Жиынға Сырым аудандық мәслихатының төрағасы Шынар Дүйсенғалиева, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Ғанимат Нұрмұханов, “Amanat” партиясы Сырым аудандық филиалының төрағасы Талғат Дарғожиев, ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшылары қатысты.

Комиссия отырысында аудан өміріне тікелей әсер ететін бірнеше өзекті мәселе қаралды. Соның бірі - әлеуметтік маңызы бар нысандардың алдағы қысқы маусымға дайындығы.
Мәслихат төрағасы Шынар Дүйсенғалиеваның айтуынша, көктемгі кезең – жылу жүйелеріндегі кемшіліктерді саралап, күрделі жөндеу жұмыстарын жоспарлайтын ең қолайлы уақыт. Аудандағы әлеуметтік нысандар үздіксіз жылумен қамтылуы үшін қазірден нақты шаралар қолға алынуы тиіс.
Бүгінде Сырым ауданында 83 әлеуметтік нысан жұмыс жасайды. Бұдан бөлек, Жымпиты ауылдық округіндегі 3 қабатты 36 пәтерлік коммуналдық тұрғын үй мен 8 пәтерлі жатақхана да бөлім теңгерімінде тұр. Бұл нысандардың барлығы қыс мезгілінде тұрақты жылумен қамтамасыз етілуі керек.
Сырым аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айболат Нұрмұханов әлеуметтік нысандардағы бу қазандықтарының жұмысы қалыпты екенін айтты. Қазіргі таңда тұрғын үйлердің жылу жүйелері кезең-кезеңімен тексерілуде. Дегенмен, тексерумен шектелмей, ескірген қазандықтарды жаңарту, резервтік құрылғыларды көбейту мәселесі де күн тәртібінен түспеуі тиіс.
Батыс Қазақстан облыстық мәслихат депутаты Ғанимат Нұрмұханов коммуналдық салаға жауап беретін мекемеге маңызды сұрақ қойды.
Айтуынша, тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамту – стратегиялық маңызды міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, су жүйесінде ақау орын алған жағдайда қосылатын резервтік жүйе қажет.
Айболат Нұрмұхановтың мәліметінше, ауданда қосымша төрт су сорғысы дайын тұр. Оның біреуі үш фазалы, қалғандары бір фазалы жүйемен жұмыс істейді. Алайда мәселе тек сорғының өзінде емес. Кей жағдайда электр қуатының үзілуі де су жүйесінің тоқтап қалуына әсер етеді. Осыған байланысты Кеңашы су кен орнының негізгі нүктелерінде дизельді генераторлар тұрақты әзірлікте болуы керектігі көтерілді. Бұл – төтенше жағдайда тұрғындарды сусыз қалдырмаудың маңызды тетігі.
Айта кетейік, ауданның су шаруашылығына “Сырым” МККҚ жауапты. Сондықтан мекеме жұмысының тұрақтылығы – тұрғындардың күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты.
Комиссия барысында жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау мәселелері де қаралды. Сырым аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Исатаева биыл ауданда инвотакси қызметі іске қосылғанын жеткізді. Бұл қызмет мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне, еркін қатынауына мүмкіндік береді. Былтыр аталған қызметті 50 адам пайдаланған.

Сондай-ақ Сырым аудандық қаржы және экономика бөлімінің басшысы Әділ Арыстанов аудандық бюджеттің орындалу барысы жөнінде баяндама жасады. Округ әкімдері өз ауылдарындағы қаржы игерілуі мен алдағы бюджеттік жоспарлар туралы есеп берді. Кейбір округтерде инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қосымша қаражат қажеттігі айтылды.
Ал ҚР мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының орындалуы туралы мәселе кейінге шегерілді. Бұл хабарламаны жасауы тиіс білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбылов іссапарда болуына байланысты есеп келесі отырыста тыңдалады.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы