15 мамыр – Халықаралық отбасы күні. Бұл – отбасы құндылығы мен берекелі шаңырақтың қоғамдағы орны айрықша екенін еске салатын күн. Әсіресе, әскери қызмет пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүрген жандардың өмірі көпшілікке үлгі болары анық. Бүгінде Орал қаласындағы Ұлттық ұланының әскери бөлімінде 15 бірдей әскери отбасы ел тыныштығын күзетіп, Отан алдындағы міндетін бірге атқарып келеді.

Әскери өмірдің тәртібі мен жауапкершілігіне төселген бұл отбасылар үшін қызмет – жай мамандық емес, ортақ тағдыр мен ортақ міндетке айналған. Солардың бірі – Казеновтар отбасы.
Полковник Хамит Казенов пен жары Әсем Казенова осыдан 23 жыл бұрын Петропавл қаласындағы әскери академия қабырғасында танысқан. Жастық шақтағы таныстық бүгінде берік отбасыға, әскери дәстүрге ұласқан. Қазіргі таңда Хамит Казенов ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы жауынгерлік басқармасының бастығы қызметін атқарады. Ал жары Әсем Казенова кадрлар саласында еңбек етуде.
Қазіргі таңда олар бір қыз, екі ұл тәрбиелеп отыр. Бүгінде Казеновтар отбасындағы әскери дәстүр жалғасын тауып үлкен қыздары Айдана ата-анасының жолын таңдап, әскери қызметке келген. Қазір ол 5517 әскери бөлімінің саптық бөлімшесінде қызмет атқарып жүр.
– Әскери отбасы болу – үлкен жауапкершілік. Қызметтің қиындығын да, қуанышын да бірге бөлісеміз. Бір-бірімізді түсінгендіктен, кез келген міндетті еңсеру жеңіл болады. Отбасыдағы ауызбіршілік – әскери қызметтегі табыстың да негізі. Балаларымыздың елге қызмет ету жолын таңдауы – біз үшін үлкен мақтаныш, – дейді полковник Хамит Казенов.
Әскери ортада қалыптасқан мұндай отбасылар жас сарбаздарға да өнеге. Себебі олар тек әскери антқа адалдықтың емес, отбасыға деген жауапкершіліктің де үлгісін көрсетіп жүр.
Ұлттық ұлан сапындағы әскери отбасылар үшін қызмет пен шаңырақ егіз ұғымға айналған. Ел қауіпсіздігін күзетумен қатар, ұрпақ тәрбиесіне де мән беріп жүрген мұндай жанұялар қоғамдағы отбасы институтының маңызын айқындай түседі. Халықаралық отбасы күні қарсаңында олардың өнегелі өмір жолы көпшілікке тағылым болары сөзсіз.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының
баспасөз қызметі