15.05.2026, 16:30
Оқылды: 12

«Жұмыс барысында қатал әрі әділ басшы болды»

Мұса Мұрадымов – саналы ғұмырын халық шаруашылығын дамытуға арнаған азаматтардың бірі.  Жуырда Мұса Мұрадымұлының туғанына 100 жыл толуына орай ұрпақтары қазақы дәстүрмен ас беріп, арда азаматты еске алды. Тағылымды жиында оның көзін көрген замандастары, бірге қызмет атқарған әріптестері мен ұрпақтары естеліктер айтып,  оның тұлғалық болмысын ұлағатты ой-пікірлермен   өрнектеді.

 Мұса Мұрадымұлы123

Мұса Мұрадымұлы 1926 жылы бұрынғы Орда ауданында дүниеге келген. Атасы Қосмағамбет еңбекқорлығымен елге танылса, әкесі Мұрадым Қошмұхамбетов екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда майданға аттанып, 1945 жылы Берлин түбінде ерлікпен қаза тапқан. Анасы Күлырыс Тайманова отбасындағы алты ұлдың ішіндегі жалғыз қыз болып өсіпті.

Мұса Мұрадымов еңбек жолын 1943 жылы Орда ауданында есепші қызметінен бастады. «Нариман» ұжымшарында 1944 жылы есепшілік қызметті жалғастырып, сол жылы Кеңес одағының әскері қатарына шақырылады. Соғыстың соңғы жылдарында Германия фашистеріне қарсы соғысып, әскери қызметін 1951 жылға дейін атқарды. Кейін 1952 жылы Ордадағы әскери инспектор лауазымын атқарып, сол жылдың 16 тамызында Жәнібек ауданының Нариман орта мектебіне мұғалім болып қызметке ауысқан. Бертін келе, 1954 жылы Гурьев (қазіргі Атырау қаласы) мемлекеттік мұғалімдер даярлайтын институтқа түсіп, 1957 жылы математика және физика факультетін тәмамдап шығады. Көп ұзамай Мұса Мұрадымов 1955 жылдың 5 ақпанында Жәнібек аудандық комсомол комитетінің үгіт-насихат бөлімі басшысының орынбасары қызметіне лайық деп танылады. Арада бес жыл өткенде Қазақстан Республикасы КП бюросының шешімімен «Талов» кеңшарының партия комитетіне хатшы болып сайланады. Ал 1965 жылы 1 қаңтарда Казталов аудандық комитетінің екінші хатшысы болып тағайындалады. Мұса ағамыз еңбек ете жүріп, оқуды да естен шығармайды. Саратов зооветеринария институтын 1965 жылы  тәмамдағаны – бұған дәлел. Мұса Мұрадымұлының кейінгі еңбек жолы Камен ауданында  жалғасты.

Еңбек жолындағы жетістіктері мен мемлекеттің экономикасына қосқан үлесі үшін бірнеше мемлекеттік орден-медальмен, мақтау қағаздарымен марапатталды. Атап айтқанда, «Құрмет белгісі» ордені, «Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің» күміс медалімен, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған. Мұса Мұрадымұлы 1992 жылы дүние салса да, оның соңында айшықты із қалды.

Нұрлан Ізтілеуов

Нұрлан Ізтілеуов, еңбек ардагері:

– Камен ауданында ол жылдары сегіз совхоз болды, соның ең үлкені, көп салалысы «Шипов» совхозы еді. Мұса Мұрадымұлы сол совхозда бес жыл директор болып қызмет етті. Мен аудандық халықтық бақылау комитетіне төраға болып тағайындалып едім. Мұсекең бес жыл директорлығында шаруашылықты өркендетті. Соған орай, кеңшардың экономикалық жағдайы әрі халықтың әлеуметтік тұрмысы өте жоғары болды. Бұл Мұса Мұрадымовтың ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында қалыптасқан жағдай еді. Мұсекең артық сөзге жоқ, қарапайым, біреуге жалтақтап, жағынып сөйлеуді жаны сүймейтін. Сырттай тұйық, тәкаппарлау сияқты көрінгенмен, кейін жақын  танысқасын мінезге бай, мәдениеті жоғары жан екенін аңғардым. Көлденең алып-ұшпа әңгімеге ермейтін, жөнсіз мақтап, мадақтағанды білмейтін, әділ, тура мінезі көп жағдайда басшы-қосшыларға ұнамай, орынсыз сынға ілінетін кездері болатын.

Тельман Хамитов

Тельман Хамитов, еңбек ардагері:

– Мұса Мұрадымовпен жас маман кезімде бірнеше жыл қызметтес болдым. Ол кісіні бәрі «Муса Мурадимович» деп атайтын. Жұмыста өте талапшыл, қатал басшы еді. Ол кісі қызметке келген соң, совхозда жұмыс жақсы жолға қойылып, тәртіп орнады. Әр маманға тиесілі жұмысы үшін қатаң талап қоятын. «Сіздер өз жұмыстарыңды атқара алмасаңдар, сіздер үшін мен жүретін болсам, маған ондай маман неге керек?» деуші еді. Қатал болғанымен, өте әділ, жұмысына мығым, ыждағатты, адамды үнемі көтермелеп отырушы еді. Әр кеште жұмысты жоспарлайтын жиын болатын. Мамандар күндізгі жұмысын баяндап, ертеңгі жұмысқа нақты жоспар құрып, алдын ала қамданатын. Алдағы жұмыс барысын бір-бірімен үйлестіріп, жоспарлап қоятын. Егін науқаны қызған шақта хатшыға жолықпай, бірден кабинетіне кіретінбіз. Үнемі есігінің алдында адамдар толып отыратын. «Егін кезінде тіке кіріңіздер, кім отырса да, кезек күтпеңіздер, ең маңыздысы, қазір сіздердің жұмыстарыңыз» деп өзі ескертіп айтушы еді.

Жұмыстан бөлек, былайғы уақытта өте қарапайым, отбасына, жан-жағына мейірімді адам-тұғын.  Бос уақытта ауласындағы бақшасын күтіп-баптайды. Сонымен қатар салауатты өмір салтын ұстанып, кейде таңмен жаттығу жасап жүргенін көре қалдық. Ол кісіден алған тәлім-тәрбиеміз көп болды. Мұса Мұрадымұлының қарауында жұмыс істеп, үлкен өмір мектебінен өттім десем де болады.

Ерболат Жапалақов

Ерболат Жапалақов, еңбек ардагері:

– Жәнібек ауданының сол кездегі «Свердлов» кеңшарының (Жақсыбай ауылы) директорлығына Мұса Мұрадымұлы 1982 жылы жазда келді. Маңдайы жарқыраған, келбетті келген орта бойлы азамат елу жасты еңсеріп тастағанымен, жүріс-тұрысы ширақ екен. Кезек күттірмейтін науқандық жұмыстарға бар ынтасымен кірісіп кетті. Көп ұзамай ауыл шаруашылығындағы салалық жұмыстардың барлық түрін жетік игерген аса қабілетті басшы екенін іс жүзінде дәлелдеп, ел-жұрттың алдында абыройы биіктей берді. Жауапкершілігі өз алдына, таңның қараңғылығымен жұмыс көлігіне мініп, жайлаудағы, қыстақ басындағы малшы-шопандарды түгел аралап, малды ыстыққа ұрындырмай, таңғы салқынмен жайылымға ерте өргізуін қатаң бақылайтын. Сонымен қатар мал азығын дайындайтын далалық бригадаларды кезіп, жұмыс барысын үнемі бақылауда ұстайтын. Егін науқаны кезінде егіннің ысырапсыз жиналуына да күш-қайратын сарқа жұмсайтын. Мұса Мұрадымұлының аудан, облыс басшыларының алдында беделі биік болды, кез келген адамның тілін тауып, өз дегеніне қаймықпай көндіретін мінезі жойқын еді. Мұса ағамыз бүгінде арамызда жоқ болса да, ел игілігі үшін төккен маңдай тері, еңбегі Жақсыбай ауылы тұрғындарының есінде мәңгіге сақталып қалды.

1964

Міне, замандастары бейнесін ғибратты естеліктермен сомдаған Мұса Мұрадымұлы осындай азамат еді.

 

Гүлфия Қолғанатова,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале