15 мамыр – Халықаралық отбасы күні
Өткен айда Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылына іссапармен бардық. Сол сапарымызда ұзақ жыл ауыл мектебінде сабақ беріп, талай шәкірттің санасына сәуле құйған қос математик Төлеген Қуанышқалиев пен Мәруа Молдағалиевамен таныстық.
Есік алдына шыққан Мәруа апай бізді ерекше ықыласпен қарсы алып, бірден төрге бастады. Үйге кірген сәттен ізетпен амандасып, сырт киімімізді іліп жатқан немерелерінің ибалы әрекеті, үлкенге деген құрметі бұл әулеттің тәрбиесінің тамыры тереңде жатқанын аңғартқандай. Ылдым-жылдым, ширақ қимылдайтын Мәруа апайдың болмысы бөлек. Ол тек есепке жүйрік ұстаз ғана емес, жан дүниесі өлеңге жақын, ойы көркем сөзбен өрілетін ақынжанды жан екен. Қолына қалам алып, көңіліндегі сезімін қағазға түсіруді әдетке айналдырған. Әңгімесін де «Біз дүние жиған жоқпыз, төрт баланы жетілдірдік» деп ағынан жарылды.

Жұбайы Төлеген Қуанышқалиев те математика пәнінің мұғалімі.
Олардың балалық шағы Абай ауылында өткен. Бір көшеде, аралары небәрі бір-екі үй ғана. Балалықтың бейқам шағында қатар ойнап өскен көрші балалар уақыт өте махаббаттың құдірет күші әлдилеп қосқан қос жүрекке айналарын сол кезде сезбеген шығар...
– Біздің үй мен Төкеңнің үйінің арасын екі үй ғана бөліп тұрды. Бір көшенің балалары едік. Атааналарымыз көршілер болып жақсы араласты. Ол кісі бір жыл бұрын мектеп бітіріп кетті. Араға жылдар салып қайта кездестік. Қыздарым арасында әзілдеп: «Маманы неге алдың?» десе, «Көршінің қызы керемет еді, өзім үйретейін» деп алдым ғой» деп қалжыңдайды. Екеумізді тағдыр табыстырып, 1974 жылы отау құрдық. Мінезім шапшаң, адуын. Сол мінезімді ағаң елу жылдан астам уақыттан бері көтеріп келеді. Арасында «Мен нағыз махаббатты армандаймын, оны мен жоғалтып та алғандаймын, ақ қыздар арасынан бақытымды, ажырата алмаған сормаңдаймын» деп жүрген жоқсың ба?» деп әзілдеп, сұрап қоямын, – деп төгілтіп өлең оқыған Мәруа апай жымиып отырған жұбайына жылы көзімен қарап қойды.
Кейіпкерлеріміздің ғұмыры қара тақта мен бордың, тәртіп пен талаптың ортасында өтті. Алғашқы еңбек жолдарын Ақжайықта бастап, кейін ұзақ жыл Ақсоғым ауылындағы мектепте ұстаздық еткен.
Төлеген ағай – ауданның шахматтан бірнеше дүркін шемпионы атанып, білім саласында да жаңашылдық танытқан ұстаз. Ол – Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері атағының иегері. Ұлттық бірыңғай тестілеу енді басталған тұста тест жүйесін енгізіп, шәкірттерінің жоғары нәтижеге жетуіне жол ашқан. Оның жоғары дәрежелі теңдеулерді шешуге арналған әдістемелік еңбегі облыс мұғалімдеріне кең тараған.
Ал Мәруа апай – ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, өз бағдарламасын жасап, көпке танылған жоғары санатты ұстаз. Еңбек жолында орыс сыныбына аптасына тоғыз сағат сабақ беріп, балаларға математиканы қалай жақсы көру керектігін үйреткенін ерекше мақтанышпен айтады.
Аз ғана уақыт ішінде үй ішіндегі үндестік те ерекше екенін байқадық. Мәруа апай әңгімешіл, ал Төлеген ағай көбіне үнсіз тыңдап, жымиып отырады. Қолында жұбайының өлең дәптері, өзінің кітабы. Әңгіме арасында жұбайын қысқа-нұсқа қолдап қояды. Бұл үнсіз үйлесімнің өзі үлкен сыйластықтың белгісіндей әсер қалдырды бізге. Олардың бала тәрбиесіндегі ұстанымы қарапайым әрі нақты. «Ең бірінші – бауырмалдық, ата-ананы сыйлау, айналасындағы адамдарды құрметтеу. Егер бала көршісіне сәлем беріп, қажет жерде қол ұшын созса, жаман болмайды» деп есептейді олар. Осы тұста «Бала тәрбиесінде қатал болдыңыздар ма?» деген сұрақ туындады. «Мен қаталдау едім. Үш қызды көзіммен-ақ тәрбиеледім. Ал отағасы сабырлы, бірақ талапшыл», – деп жауап берді Мәруа апай.
Педагогтер отбасы үшін мұғалімнің беделі – өз баласының тәрбиесінен басталады. «Егер өзіңнің балаң тәртіпсіз болса, сөзіңнің салмағы болмайды», – дейді олар. Осы тұста Төлеген ағай өткен күндерді еске алып, жазғы демалыста комбайн айдап еңбек еткенін айтты.

Сол тапқан табысына мотоцикл, кейін теледидар алған. Балаларын да жастайынан еңбекке баулыған. Төлеген ағай мен Мәруа апайдың әңгімесінен байқағанымыз, бұл әулет үшін ең үлкен байлық дүние жинауға емес, ұл-қыздарына білім беруге бағытталған. Отбасындағы төрт перзенті де қос-қостан жоғары оқу орындарын тәмамдаған. Бірі – инженер, бірі – дәрігер, бірі – мұғалім, бірі – энергетика саласының маманы. Немерелері де білімге құштар. Бірі ІТ саласында, бірі әскери бағытта білім алуда.
Бақытты жұбайлар бар жылулықты өз отбасынан бөлек, айналасындағы адамдарға таратқанды жөн көреді. Жыл сайын мектептегі көпбалалы отбасының балаларына көмек беріп, киім-кешек, оқу құралдары, мектеп сөмкесін таратады. Таза, жаңа киімдерді мұқтаж жандарға үлестіреді. Олардың үлкен ұлы мектептегі оқу жылын табысты аяқтаған бірнеше оқушыға әр жыл сайын 25 мың теңгенің сертификатын беруді дәстүрге айналдырған. Мұндағы мақсат – ауыл балаларының білімге құштарлығын жанып, алға ұмтылуға бағыттау.
Әрдайым өздері өсіп-өніп, жапырағы жайылып, тамыры тереңге тартқан ауылын мақтан ететін берекелі шаңырақ иелері қоғамдық, мәдени іс-шараларға белсене қатысады. Олар аудандық «Мерейлі отбасы» байқауынан бас жүлде алып, облыстық байқаудан жүлделі орын иеленген. Қайбір жылы Мәруа апайдың облыстық «Орал өңірі» газеті редакциясы ұйымдастырған әдеби байқаудан жұмбақ шығарманың атауы мен ауторын дәл тауып, арнайы жүлде алып, ақынжанды математик атанғаны бар.
– Екеуміз де өз жұмысымызды ерекше жақсы көрдік. Төкең әлі күнге дейін математикадан қосымша білім беруге көмек керек деген баланың бетін қаққан емес. Бір жылдары математиканы таңдаған бірнеше баланы үйге шақырып, ҰБТ-ға дайындаған. Балалар дәптер-кітабын алып, осы жерде шүпірлеп, етпеттеп жатып дайындалатын сабаққа. Әлі күнге оқушылардан көмегін аяған емес, – дейді ауыл мектебінің қабырғасында қалған сағынышқа толы жылдарын еске алған Мәруа апай.
Бүгінде жастары жетпістен асса да, жүздері нұрға толы қос математиктен жастық жігердің табы байқалады. Олар өсіп-өніп, адамгершіліктен айнымай жүрген ұл-қыздарына риза. Содан да болар әр әңгімесінің соңын шүкірмен түйіндейді. Қос математик қосылып шығарған ең басты теңдеу – «ұстаздық + тәртіп + мейірім = ұрпақтың жетістігі» болса керек. Ең бастысы, кейіпкерлеріміздің өмірі жалған есепке құрылған өмір емес, маңдай термен өрілген еңбектің, тәрбиенің, адалдықтың формуласы секілді көрінді бізге.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»