Адам өміріндегі ең қастерлі ұғымдардың бірі — отбасы болса, ал сол отбасының қоғамдағы орнын айқындайтын басты қасиет — тәрбие мен өнеге. Осындай бірлігі мен берекесі жарасқан, ұстаздықты ұрпаққа аманат еткен өнегелі әулеттердің бірі — Казталов ауданы Қоныс ауылындағы Ерекешовтер отбасы.
Ерекешовтер әулеті — ауылға сыйлы, елге қадірлі ұстаздар отбасы. Бұл әулеттің тамыры тереңде жатыр. Шаңырақта ұстаздық жол ата-анадан бастау алып, бүгінгі ұрпақпен жалғасын тауып келеді. Әулеттің алтын діңгегі болған Ерекешов Темірболат ағай мен зайыбы Зайда апай бар ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнап, саналы ұрпақ қалыптастыру жолында аянбай еңбек етті.
Бүгінде Темірболат ағай өмірден өтсе де, оның жүріп өткен тағылымды жолын ұрпақтары жалғастырып келеді. Зайда апай — зейнеткер ұстаз ретінде ауылдастарының құрметіне бөленген ардақты жан. Ұзақ жылғы еңбегінің арқасында талай шәкірттің жүрегіне білім нәрін сеуіп, өмірден өз орнын табуына себепкер болды.
Ата жолын жалғаған ұлы Аслан Ерекешов қазіргі таңда «Қоныс жалпы орта білім беретін мектебінде» география пәнінің мұғалімі болып еңбек етуде. Ол өз ісіне жауапкершілікпен қарап, шәкірттерге сапалы білім берумен қатар, туған жерге деген сүйіспеншілік пен елжандылық қасиеттерін дәріптеп келеді. Ұстаз еңбегінің қадірін бала кезден көріп өскен Аслан үшін мектеп екінші үй болса, ал шәкірттерінің жетістігі оның басты марапаты.
Ал келіні Иманғалиева Айгүл — тәрбие ісі меңгерушісі әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ол жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, ана тілінің мәртебесін көтеруге үлес қосып жүрген білікті педагог.
Бұл шаңырақта өсіп келе жатқан балалар да білімге құштар, тәрбиелі, сабақты жақсы оқитын озат оқушылардың қатарында. Әке-шешесінің тәлім мен тәрбиесін, үлгі-өнегесін көріп өскен балалар сабақты үздік оқып, білім мен тәртіпті қатар ұстанып келеді.
Ерекешовтер әулеті тек ұстаздық қызметімен ғана емес, қоғамдық өмірдегі белсенділігімен де көпке үлгі. 2018 жылы өткен облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында І орын иеленіп, өнегелі отбасы ретінде танылды. Сонымен қатар «Еңбек жолы» облыстық конкурсында «Үздік еңбек әулеті» номинациясын жеңіп алуы — олардың еңбегіне берілген үлкен баға.
Бүгін Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында ұйымдастырылған «Ақжайық өңірінің оқырмандар отбасы-2026» облыстық байқауында Ерекешовтер отбасы «Поэзия шеберлері” және «Интелектуалды оқырман отбасы» номинацияларын иеленіп, аудан мерейін үстем етті. Бұл олардың кітап пен руханиятқа деген ерекше құрметін, отбасылық тәрбиедегі білімнің маңызын айқын көрсетеді.
Қазақ халқы қашанда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп тәрбиенің бастауы отбасы екенін ерекше бағалаған. Ауылда Ерекешовтер әулеті — тәрбиенің, бірліктің, еңбек пен парасаттың жарқын үлгісіне айналып, кейінгі жас ұрпаққа өнеге болып келеді.
Гүлнұр Сәуірғалиқызы
Шыңғырлау ауданы