Орал қаласында денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған маңызды жоба жүзеге асты. Облыстық көпсалалы аурухана базасында телекоммуникациялық медицина кабинеті ашылып, шетелдік мамандармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін жаңа жүйе іске қосылды.

Аталған кабинет кореялық клиникамен телемедицина арқылы байланыс жасап, дәрігерлерге күрделі жағдайларда халықаралық деңгейдегі кеңес алуға жол ашады. Бұл өз кезегінде науқастарға сапалы әрі жедел медициналық көмек көрсетуге ықпал етеді. Сонымен қатар жергілікті мамандар үшін тәжірибе алмасу мен кәсіби біліктілікті арттыруға үлкен мүмкіндік туып отыр.

Жоба өткен жылы Оңтүстік Кореядағы «Әулие Мария» халықаралық клиникасы мен облыс әкімдігі арасында жасалған меморандум аясында жүзеге асырылуда. Бұл бастамаға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қолдау білдіріп, өңір медицинасын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Құжатта медициналық тәжірибе алмасу, заманауи емдеу әдістерін енгізу, дәрігерлерді шетелде оқыту және бірлескен консультациялар өткізу қарастырылған.

Жаңа телемедицина кабинеті – өңір медицинасының цифрлық трансформация жолындағы маңызды қадам. Ол шалғайдағы науқастарға да жоғары деңгейдегі медициналық қызмет алуға мүмкіндік беріп, жалпы денсаулық сақтау сапасын арттыруға оң әсерін тигізеді.
Автор және фото: Бекзат Қанәділ
