Өткен аптада облыс әкімдігінде 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық пысықталды.

Бұл алқалы жиынға облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй төрағалық етті. Кеңес отырысына өңірдегі басқармалардың басшылары мен жауапты сала мамандары қатысты. Сондай-ақ 12 аудандағы әкімдік өкілдері онлайн байланысқа шықты.
Алдымен Мирас Мүлкәй жылыту маусымына дайындық жұмысын жан-жақты бақылауға алу күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе екенін айтты. 2025 жылы ҚР Президенті Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша облыстағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және әлеуметтік сала нысандарының күзгі-қысқы кезеңге дайындығына тексеріс жүргізілген. Бүгінде Президент
Әкімшілігі тексерісінің қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктер мен берілген ұсыныстар облыстағы жылыту маусымының жұмыс жоспарына енгізілген. Сондай-ақ облыс орталығы мен аудандарда арнайы штаб құрылып, мамандар осы салаға қатысты мәселені қадағалап отырғанын жеткізді төраға.
– Қыс мезгілінің қиындықсыз өтуі – халықтың әлеуметтік жағдайына және өңірдің тұрақтылығына тікелей әсер ететін фактор. Біз атқарылған жұмыстарға есеп беріп қана қоймай, Президент Әкімшілігінің ескертулерін саралап, нақты міндеттерді айқындап алуымыз қажет, – деді М. Мүлкәй.
Жиында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Өмірәлиев баяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі таңда жылыту маусымына қатысты бірқатар іс-шара басталып кеткен. Аудандарда құрылған штабтардың мүшелері жұмыс жоспары бойынша жергілікті жердегі әлеуметтік нысандарға тексеріс жүргізетінін жеткізді.

«Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры Бақытжан Әкімғожин атқарылған жөндеу жұмыстары мен келер жылыту маусымына дейін аяқталар жобалар жөнінде баяндады.
– «Жайықжылуқуат» акционерлік қоғамы – Орал қаласын орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорын. Бүгінде «Жайықжылуқуат» АҚ Орал қалалық жылу электр орталығы (ЖЭО) мен оған қарасты жылу желілерін басқарады. Қазіргі кезде ЖЭО-да 3 бу турбинасы, 5 энергетикалық қазандық, 6 су жылытқыш қазандық және 1 газтурбиналық қондырғы орнатылған. Сондай-ақ ұзындығы 248,5 шақырым болатын жылу желілері жұмыс істейді. Оның 48,6 шақырымы магистральдық желілер болса, 176,4 шақырымы кварталішілік желілер. Ұзындығы 23,19 шақырымды құрайтын жылу желілерімен бірге 23 қазандық халықты жылумен қамтамасыз етіп отыр. Қазір-гі уақытта ЖЭО жабдықтары – 83%, жылу желілері – 49%, қазандық жабдықтарының тозу деңгейі 43%-ды құрайды.
2025-2026 жылғы жылыту маусымы тұрақты және штаттық режімде өтті. Жылумен жабдықтауда ірі апаттық ажыратулар тіркелген жоқ. Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында жалпы 2,2 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Оның ішінде, 1,367 млрд теңге ЖЭО-ны жөндеуге бағытталады. ЖЭО-да жоспарланған жұмыстарға сәйкес №7 және №12 су жылытқыш қазандықтары мен №3 энергетикалық қазандыққа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар №4 және №5 қазандардың газ-түтін жолдарын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. №2 деаэраторды, екі желілік сорғыны және №5 қазанның түтінсорғышын ауыстыру көзделіп отыр. Энергожүйенің сенімділігін арттыру мақсатында 110 дана тұрақты ток аккумулятор батареясы жаңартылып, №1 және №4 түтін мұржалары техникалық тексеруден өткізіледі.
Бұдан бөлек ЖЭО-ның коммерциялық есепке алу құралдары мен су қабылдағыштағы есептеу құралдарын ауыстыру жұмыстары жүзеге асырылады. Аталған іс-шаралар жылу орталығының тұрақты әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жылу желілерін жөндеуге шамамен 300 млн теңге қарастырылды. Жоспарға сәйкес ұзындығы 5,8 шақырымды құрайтын кварталішілік жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар жылу алмасу пункттері мен қосалқы жабдықтарға ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылады.
Қазандық шаруашылығының жабдықтары мен жылу желілерін күрделі жөндеуге 526 млн теңге бағытталады. Жоспарланған жұмыстар аясында ұзындығы 250 метр болатын желілерге күрделі жөндеу жүргізіліп, қазандар мен қосалқы жабдықтарға ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ Зашаған кентіндегі №1 қазандықтан тартылған ұзындығы 3 шақырым болатын жылу желілеріне ішінара күрделі жөндеу жүргізу жоспарға енгізілді.
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, ұзындығы 1,8 шақырым болатын №6 жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 1,7 млрд теңге. Сонымен қатар ұзындығы 1,8 шақырымды құрайтын №7 жылу магистралін жаңғыртуға 2,6 млрд теңге қарастырылған. «Құрылысшы» шағынауданындағы ұзындығы 8,8 шақырым болатын кварталішілік жылу желілерін жаңарту жобасы іске асырылуда. Оның құны 1,8 млрд теңгені құрайды.
Қазіргі таңда №6 жылу магистралі бойынша жұмыстардың 25%-ы орындалса, қайта жөндеу жұмыстарының 80%-ы аяқталған. Ал №7 жылу магистралі бойынша жұмыстардың орындалу деңгейі 20%-ды, қайта жөндеу жұмысы 50%-ды құрайды. Бұл жобалар толық іске асырылғаннан кейін жылу желілерінің тозу деңгейі 49%-дан 47%-ға дейін төмендеп, жылу энергиясының нормативтік шығыны 18%-дан 17%-ға дейін азаяды деп күтілуде. Барлық жұмыс жылыту маусымы басталғанға дейін толық аяқталады.

Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде ЖЭО жабдықтары мен нысандарының тозу деңгейі қазіргі 83%-дан 60%-ға дейін төмендейді. Соның нәтижесінде нысан «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа көшеді деп күтілуде, – деді Б. Әкімғожин.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй жауапты сала мамандарына жылыту маусымына қатысты жөндеу жұмысы уақтылы аяқталуын қадалағауды тапсырды.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»