Күн тәртібінен түспейтін тақырыптың бірі - ене мен келін тақырыбы. Өйткені, әр отбасында ене, әр әулетте келін бар. Жақсы мен жаманы қатар өрілген өмірде енесін жамандайтын келін де, келінін жақтырмайтын ене де кездеседі. Ол жасырын да емес. Бір жағынан бір-бірін мақтап отыратын немесе жақсысын асырып, жаманын жасырып, шаңырақтың шаттығын шайқалтпай ұстап отырған енелер мен келіндер де аз емес арамызда.

Осы ретте біз, отбасының ұйытқысы әйел-ана екенін басшылыққа ала отырып, қос келінді бір шаңырақта ұстап отырған енемен, екі бірдей енемен бір үйде тұратын келінмен әңгімелескен едік.
Мәселен «Келін қызыңдай болмайды», «Ене мен келін бірге тұра алмайды» деген түсінік Әмірхановтар әулеті үшін мүлдем жат. Себебі бір отбасында 3 ұрпақты жалғастырушы - лкен ене (Әже), келін, немере келін тұрады.
Біз сөйлескен Ажар Көшкінбайқызы, Ақсай қаласындағы №6 мектеп-лицейінде мұғалім. Ол отбасында енесіне – келін, ал келініне - ене.
- Мен бұл әулетке келін болып түскеніме 30 жыл болды. 19 жасымда үйдің ортаншы баласына тұрмысқа шықтым. Ол кезде атам болды. Кейін ол кісі дүние салды да, бүгінде енеммен бірге тұрамыз. Және өзіміз де келін алдық, яғни мен де енемін. Осылайша біз, бір әулеттің 3 келіні болып бір үйде тұрып жатырмыз. Өзім 7 ағайындымын. Анам - орыс, әкем- қазақ. Ауылда әженің де тәрбиесін көріп өстім. Әкем 4 ағайынды еді. Бала болсақ та есімде, әжеміз 4 баласын да алысқа жібермей, қатар-қатар, бір -біріне көрші етіп, үй қылды. 4 баласының үйін өзі бақылап, қайсы үй ерте тұрды, тұрмысы қалай? Дастархан мәзірлері қалай бәрін бақылап отыратын. Менің анам да орыс ұлтынан болса да, енесіне илігіп, именіп, сыйлап тұратын. 4 үй бірімізден түскі ас ішсе, кешкі асты екіншісінің үйінен жиналып ішетінбіз. Және бір қызығы 4 үйде де бөлініп қоршалған аула болмады. Біріміз кіріп, біріміз шығып, араласып өстік. Соны көріп өскендігім болар, менде енеммен тұрмаймын деген мүлдем түсінік болмапты.

Енеме көп көңіл бөлуге тырысамын
- Енем өте керемет кісі. Қазір жасы 77 - де. Әлі де ширақ, еңбекқор. Мен өзім мұғалім болған соң, қағазбасты, көбіне жұмыста жүремін. Сол жұмыста алаңсыз жүруімнің өзі осы енемнің арқасы. Жолдасым Мұрадым екеуміздің Алла сыйлаған 4 перзентіміз бар. Ұлым бүгінде үйленді, жаңа жоғарыда айтып өткенімдей, мен де енемін. Бұйырса, қызымызды ұядан ұшырғалы отырмыз. Ал одан кейінгілері ұл мен қыз - егіздер.
Балаларымның әжесін өте құрметтеймін. Оны бір жай сөзбен жазылып қалсын деп отырғаным жоқ, шынымен жақсы көріп, сыйлаймын. 19 жасымда келін болдым дедім ғой. Көп нәрсені үйреткен енем. Ол кісі біреуді жамандап, ауыз үйдің әңгімесін мүлде айтпайтын, кітапты көп оқитын, көзі ашық, түсінігі мол жан. Менің бойымда, өмір жолымда ұстанатын қонақжайлық, салт-дәстүр, үлкенге құрмет, жай сөйлеу деген асыл қаситтер болса, соның бәрі менің ене мектебінен алған тәрбием.
Бүгінде енеме көп көңіл бөлуге тырысамын. Себебі үлкейіп келе жатыр. Кейде бала көңіл болып отырады. Арасында жақсы киноларға апарамын. Қуантып сырға, сақинасын, көйлектерін жаңалаймын. Шайдың басында оңаша қалып, әңгімелесіп бірге шай ішеміз. Сосын шашын тарап, басын қарап дегендей...
Ширақ кісі ғой, өзім демалысқа шыққанда, ағайындары ауылда болған соң, сәндеп төркіндеріне жіберемін(күлді) «Мұның бәрі білесіз ба, неден? Жолдасымның манаға деген құрметінен. Себебі менің жолдасым анасын өте қатты жақсы көреді, құрметтейді. Мен сосын да, жан жолдасым сыйлап тұрған, оның үстіне бізге де мейірімін төгіп отырған ананы қалайша сыйламайын?» - дейді сөз арасында азаматының да мәртебесін көтеріп, Ажар.

Жақсы келін қызыңдай
- Келінім Нұржамал да өте қарапайым, өзіміздің отбасымызға сай, тфәй-тфәй. Менің енеме жасаған құрметімді, іс- әрекет, көңілімді сіңіріп жатыр деп ойлаймын. 4 жылдай болды келін боп түскеніне. 2 немере сыйлады. Барымша ашық, жарқын сөйлесіп, оның да көңіліне қарап отырамын. Отбасына сіңісіп, ене мектебінен өтуі үшін бірге тұрамыз. Ол да келіндік міндетін, орынын білетін, көрегенді бала. Ақтөбе өңірімен құдамыз,келініміз сол жақтың қызы. Біздің кенжелеріміз егіздер дедім ғой. Олар да ер жетіп, бой жетіп қалды ғой. Сол қайын іні, қайынсіңілісімен де қалжыңдары жарасып, олар да жеңгелеріне көмек етіп, арасында жеңге боп, оларды да алдап сыйлық жасап жатқандарын көремін. Өзім жұмыстан келгенде, ол да өз жұмысынан келіп, тамағын әзірлеп, шайын қойып күтіп отырады. Осының бәріне мен де іштей тәубе деймін. Осылайша үштік болып, бір үйде тұруымыздың өзі енемнің ақ батасы мен дұғасында деп білемін,-деді Ажар келін.
Осы тұста біз, жас келін Нұржамалды да әңгімеге тарттық. Бірақ ол: Бәрін мамам өзі айтып береді ғой» деп тартыншақтады. Жас келіннің бұл әрекетін біз, ибалық пен әдептілікке санадық.
Келін тәрбиесіне келгенде Ажар, енесінің қолданған ұстанымдарын басшылыққа алады. Ол бар білген-түйгенін келіні Нұржамалға үйретуде. Келіні де шаруаға икемді.
Бұл жарасымды отбасыны көпшілік үлгі етіп айтады. Сүйсінеді. Біздің де бұл отбасымен жүздесуімізге, көпшіліктің нұсқауы, сырттай үлгі алып, танитындықтары себеп болды. Осындай отбасылардың бары шынымен жүректі жылытады. Өмірде үйлесім таппай жүрген қаншама жас отбасы, ене мен келін де баршылық. Бәлкім бұл жазбамыз көп отбасыға ой салар.
Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы