Ақтау қаласында өткен Спорттық самбодан кадеттер және спорт шеберлері арасында Азия және Океания чемпионатында теректілік спортшы Мұрат Баубеков мықтылар қатарынан суырылып шығып, жеңіс тұғырына көтерілді.

М1 санатындағы 71 келі салмақ дәрежесінде белдескен спортшымыз жарыс барысында жоғары шеберлік пен мықты дайындықтың үлгісін көрсетті. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия және Түркменстан елдерінен келген 8 мықты спортшы арасынан оза шауып, барлық қарсыласын сенімді түрде жеңіп, жүлделі І орынды иеленді.

Туған жерге жеңіспен оралған спортшымызды жерлестері қуана қарсылап, қолдау білдірді. Кездесу барысында Подстепный ауыл жастары мен Теректі спорт клубы ұжымының атынан ақшалай сыйлықтар және Теректі спорт клубы директорының атынан алғысхат беріліп, спортшыға құрмет көрсетіліп, абыройын көтерді.
Бұл жеңіс – спортшының табандылығы мен көп жылғы еңбегінің жемісі. Жарыс барысында Мұрат Баубеков өзінің төзімділігі мен спортқа деген адалдығын дәлелдеп, ел намысын абыроймен қорғады. Чемпионат қорытындысы бойынша Азия және Океания Самбо Одағының президенті Аламжон Муллаев қол қойған ресми сертификат және алтын медальмен марапатталды.
Майра Нұрымжанқызы
«Теректі» спорт клубының әдіскері