Жуырда тамыры тереңге жайылған Ақжайық ауылындағы білім ошағында сағыныш пен қуаныш үндескен түлектердің кездесу кеші болды. Аталған салтанатты шараға осыдан көп жылдар бұрын осы мектеп қабырғасында білім нәрімен сусындаған, бүгінгі күні еліміздің әр түкпірінде, әр саласында қызмет атқарып жүрген мектеп түлектері қатысты.

Түлектермен кездесу кешінде Ақжайық ауылдық округі әкімі Болат Қадралиев пен ардагер ұстаздар бой көрсетті. Салтанатты шараның ашылуында түлектерге арналған алғашқы сөз мектеп директоры Шолпан Бижановнағаұсынылды. Мектеп басшысы келген қонақтарды мерейтоймен құттықтап, келген қонақтарға алғыс білдірді. Өз сөзінде білім ошағының жәй-күйімен таныстырып, мектеп өмірінен мәлімет беріп, шәкірттерінің жетістіктерін айтып, қуана бөлісті.
-Жылдағы дәстүрлі өтетін мектеп бітірген түлектермен кездесу - үлкендер мен жастар арасындағы ұрпақ байланысы. Осы күндердің еске алар қуанышы мен қызығы көп болсын. Әрбір қазақ өзінің өсіп-өніп шыққан ауылына, мектебіне игі қадамдар жасауды атамекенге деген перзенттік парызы деп санаған. Мысалы мектебімізден білім алып, әр қияға самғаған түлектеріміз туған ауылдарынан жырақта жүрсе де қамқорлығын танытып мектебіміздің, ауылымыздың көркеюіне ықпал етті», - дейді мектеп басшысы.

Мектеп-тек білім ордасы емес, ол өмірлік достықтың, алғашқы армандардың мекені. Кездесу кештері-естеліктерді санада жаңғыртып, балалық шаққа саяхат жасап, қимас достармен қауышатын әсерлі сәт. Жүздесуге арнайы келген қадірлі қонақтар, осыдан 40, 45, 50 жыл бұрын білім ордасынан түлеп ұшқан аға-апаларымызды ауыл жұртшылығы құрметпен қарсы алды. Түлектер алтын ұя мектебіне деген жылы лебіздерін айтып, алғыс білдірді. Келесі кезекте мектеп өмірінде өз іздерін қалдырғанына 25,30 және 35 жыл болған түлектер сөз тізгінін алды. Сағым жылдарды артқа тастап, мектеппен қауышып отырған меймандар жүрекжарды тілектерін жеткізіп, балалық шақтан қалған естеліктерімен бөлісті. Балалықты артқа тастап, оқуды тәмамдағанына 10, 15, 20 жыл болған шәкірттер сахна төріне шығып, түлеп ұшқан мектебіне, аяулы ұстаздарына деген жүрек түкпірінде жатқан ақжарма сөздерін айтты. Мектепті аяқтағанына 5 жыл болған, жас маман атанып үлгерген түлектер де мектеп ұжымына, сынып жетекшілеріне ізгі тілектерін арнап, зор ілтипат көрсетті.

Ақжайық жалпы орта білім беретін мектеп ұжымы үлкен сағынышпен зейнет жасына келген ұстаздарды құрмет тұтады. Сонымен қатар жүздесу барысында бүгінгі таңда өмірден өткен, осымектепте қызмет атқарған ұстаздарды және мектеп түлектерін еске алу мақсатында бір минут үнсіздік жарияланды.
Кездесу кешінде қонақтарға мерекелік әсер сыйлап, көрініс қойылып, мың бұралған би, әсем әнмен өрілген концерттік бағдарлама жиналған жұртшылықтың назарына ұсынылды.
Қол ұшын созып жүрген азаматтардың әрекеті көңіл қуантарлық. Мектеп түлектерінің дәстүріне айналған «Туған жерге тағзым», «Мектепке сый» атты ағаш отырғызу секілді түлектердің қайырымдылық бастамаларын қолдап, биылғы жылы да мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер жалюзи, 40 жыл толған түлектер бастауыш сынып оқушыларына киім ілетін шкафтар, диспенсер және принтер, 15 жыл толған түлектер гүл отырғызатын ыдыстар сыйлап отыр. Барлық жасалған игі істеріне оқушылар, ұстаздар ауыл тұрғындарының атынан алғыс білдіреміз,-деп жеткізді мектеп басшысы.

Берілген мәліметтерге сүйенсек, өз ұясынан талай түлек ұшырған аталмыш білім ордасы 1926 жылы Жасталап 4 жылдық мектебі болып ашылып, 1964 жылы М.И.Калинин атындағы мектеп болып қайта құрылды. 1992 жылы Ақжайық ЖОББ мектебі болып атауын өзгертті. Осы уақыт ішінде бұл мектептің асыл босағасы білім дәнін қаулатып, талай шәкірттердің қанатын қатайтып, үлкен өмірге аттандырды.
Қ.Аманжолқызы
Теректі ауданы