Бірлік күнімен басталған мамыр мерекесі түлектер кездесуімен жалғасуда. Біле білгенге бұл да бір мереке. Ондаған жыл бұрын мектеп бітірген түлектер туған ауылдарына оралып, алтын ұя мектептерінде сыныптастарымен, ұстаздарымен кездесіп, мектеп партасына отырып, бір сәт балдәурен балалық шақтарына оралғандай мәре-сәре.

Дәл осындай қуанышта бас қосқан Ш.Жексенбаев атындағы мектептің 20 жыл бұрынғы түлектері туған ауылдарына балалар саябағын салып берді.

Саябақтың ашылу салтанатына арнайы барып қатысқан аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов:

- Бір шегең артық болса ойланбастан,
Әкеліп қақ ауылдың ауласына, - деп ақын айтпақшы, ауызбіршіліктерін танытып, ауылдарының көркеюіне өз үлестерін қосып отырған түлектерге айтарымыз алғыс қана, - деп игі істің басы-қасында жүрген ұйымдастырушыларға аудан әкімнің атынан алғысын айтып, алғысхат табыс етті.

Шараға арнайы барып қатысқан аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайруллин сөз алып, түлектердің азаматтық бастамаларына ризашылығын білдірді.

Ауыл әкімі Ерлан Ермекқалиев те жыл сайын болатын түлектер кездесуінде ауылдың бір жолғы түгелденіп қалатынын айтып, ауыл жастарына тұрғындар атынан алғысын айтты.

Саябақтың лентасын кесу рәсімі аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов пен ауыл тұрғыны Баян Жанимановаға бұйырды.

Салтанатты шара ұлттық спорт түрлері бойынша сайыспен жалғасып, жеңімпаздар марапатталды.
Анар Артықбай
Суретке түсірген Әділет Абдиров
Бөкей ордасы ауданы