25.05.2026, 15:45
Оқылды: 10

Шыңғырлау ауданы мектептерінде оқу жылын аяқтау іс шарасы өтті

Бүгін аудан мектептерінде оқу жылының аяқталуына арналған дәстүрлі соңғы қоңырау салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мерекелік шараларға ұстаздар, ата-аналар, ардагер педагогтер мен оқушылар қатысып, мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тіледі.

image-25-05-26-12-33

Биыл аудан бойынша жалпы саны 2104 оқушы білім алса, оның 107-сі мектеп бітіруші түлек атанып отыр. Жас түлектер үшін бұл күн – балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басар ерекше сәт.

Салтанатты жиындардың бірі Шыңғырлау орта жалпы білім беретін мектебіндегі шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Айбек Жаншаұлы Исламбек түлектерді құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

– «Құрметті түлектер! Бүгін сіздер үшін ерекше күн. Мектеп қабырғасында алған білім мен тәрбие алдағы өмір жолдарыңызда үлкен серпін беретініне сенемін. Ел болашағы – білімді жастардың қолында. Ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыздың үмітін ақтап, туған жердің дамуына үлес қосатын азамат болуларыңызға тілектеспін. Баршаңызға сәттілік пен жарқын болашақ тілеймін», – деп атап өтті.

Шара барысында үздік оқушылар марапатталып, білім мен өнерде,спортта  жетістікке жеткен шәкірттерге алғыс хаттар табысталды. Мектеп оқушылары ән шырқап, би билеп, ұстаздарға арналған жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Әсіресе түлектердің қоштасу вальсі мен алғашқы ұстаздарына арнаған алғыстары көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Соңғы қоңырау – тек оқу жылының аяқталуы ғана емес, жас ұрпақтың жаңа өмірге жасаған алғашқы қадамының белгісі. Бұл мереке ұстаз еңбегінің қадірін арттырып, ата-ана мен мектеп арасындағы байланысты нығайтатын маңызды күн ретінде ерекшеленеді.

Салтанатты шараға қатысқан ата-аналардың бірі Алмагүл Айтқалиева өз әсерімен бөлісті.

– «Бүгінгі күн әр ата-ана үшін толқынысқа толы. Балаларымыздың азамат болып қалыптасуына үлес қосқан ұстаздарға алғысымыз шексіз. Түлектердің болашағы жарқын болып, елге қызмет ететін білімді жастар болады деп сенеміз», – деді ол.

Айта кетейік, аудан мектептерінде өткен соңғы қоңырау шаралары жоғары ұйымшылдықпен өтіп, оқушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Енді мектеп бітіруші түлектерді алда мемлекеттік емтихандар мен үлкен өмір жолы күтіп тұр.

Светлана Байтенова

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале