25.05.2026, 15:45
Оқылды: 50

БҚО мектептерінде 126 мыңнан астам оқушы 2025-2026 оқу жылын аяқтады

 

25 мамыр күні Орал қаласындағы №52 орта мектебінде соңғы қоңырау соғылып,білім ошағының алғашқы түлектері үлкен өмірге  жолдама алды.     Соңғы қоңырау салтанатына арнайы келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев түлектерге ізгі тілегін арнады.

6b06b841-95c3-4aa5-aac8-10a1589d56fb

    – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу – бұл аса маңызды мемлекеттік міндет. Еліміздің болашағы дарынды, отаншыл жастардың қолында болуы керек» деген болатын. Бүгінде елімізде жас ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалуда. Бұл – ел ертеңіне салынған инвестиция. Облысымызда да жаңа білім ошақтары бой көтеріп, материалдық-техникалық базасы нығаюда, ұстаздардың кәсіби әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.  Бүгін сіздер осы мектептің тұңғыш түлектері ретінде үлкен өмірге жолдама алып отырсыздар. Алдағы уақытта білім мен ізденісті серік етіп, қандай мамандық иесі болсаңыздар да, елге адал қызмет ететін азамат болыңыздар. Сіздердің бүгінгі жетістіктеріңіз – ұстаздардың тынымсыз еңбегі мен ата-аналардың мейірімі мен қолдауының жемісі. Осы ретте барша педагогтерге шәкірт тәрбиелеудегі адал еңбегі үшін шынайы алғысымды білдіремін. Ата-аналарға перзент тәрбиесіндегі төзімі мен қамқорлығы үшін ерекше ризашылығымды жеткіземін. Армандарыңыз асқақ, қадамдарыңыз нық болсын!,  – деді облыс әкімі өз құттықтауында.

fa100500-c4c7-4332-8ec1-f2e717930660

  Мектеп директоры Самал Рахметуллина ұстаздардың еңбегіне, ата-аналардың қолдауына ерекше алғыс айтып, түлектерге ақ жол тіледі.

e0d27d47-8ba2-483e-9af7-6244708069dc

  Биыл мектептің 71 түлегі үлкен өмірге қанат қаққалы отыр. Олардың арасында екі «Алтын белгіге» үміткер бар. Ал 9-сыныпты 120 оқушы тәмамдап, бес оқушы үздік аттестатқа үміттенуде. Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы нәтижелерінде мектеп оқушылары 137 балл жинап, жоғары көрсеткішке қол жеткізген.

Биыл ашылған «Жас сақшы» сыныбы  – мектептегі ерекше жобалардың бірі. Ішкі істер құрылымдарымен бірлескен бұл сыныпта 24 оқушы білім алады.

Жалпы, биыл облыс бойынша 382 мектепте 126 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оның ішінде 10 440 оқушы 9-сыныпты, ал 8179 түлек 11-сыныпты тәмамдайды. 437 оқушы «Алтын белгіге», 448 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер.

Өңірде білім саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Соңғы үш жыл ішінде облыста 11 мыңнан астам орынға арналған 30 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның 9-ы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген. Нәтижесінде апатты, үш ауысымды және бейімделген ғимараттардағы мектеп мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.

c09a7434-a6eb-42d8-ba13-586464b447ac

  Облыс оқушыларының жетістіктері де көңіл қуантады. Республикалық олимпиадаларда 60 оқушы жүлделі орын иеленсе, ғылыми жобалар байқауында 24 оқушы үздіктер қатарынан көрінді. Облыс командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» атанып, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал Бөкей ордасы ауданындағы Мәншүк Мәметова атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Анида Ахметкереева «Үздік ауыл мектебінің оқушысы» аталымына ие болды.  Сонымен қатар халықаралық олимпиадалар қорытындысы бойынша 9 оқушы жеңімпаз атанды.

821979c1-a5e4-4a85-b0f9-a45f2121aad0

      Соңғы қоңыраудың сыңғыры бір дәуреннің аяқталып, жаңа өмірдің басталғанының белгісі. №52 мектептің алғашқы түлектері енді үлкен өмір айдынына жол тартпақ. Олардың жүрегінде мектепке деген сағыныш, ұстазға деген құрмет, болашаққа деген сенім мәңгі сақталары анық.

Гүлжамал Жолдығали,

«Жайық Пресс»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале