26.05.2026, 11:30
Оқылды: 10

Облыста IX жас геологтар слеті өтті

Бәйтерек ауданындағы Шалғай ауылы аумағында IX жас геологтар слетін облыстық  балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы ұйымдастырды. Бағдарламаға  геологиялық    бағыттар мен байқаулар енді. 

 c9fe0df7-8255-4114-9427-cbfb19dc6afa

Байқаудың мақсаты – оқушылардың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыру, дарынды және талантты балаларды анықтау, қазақстандық геология ғылымының үздік іс-тәжірибелерін жетілдіру, геологияны дамыту. Слетке геология саласында зерттеу жүргізетін облыс мектептері, қосымша білім беру мекемелері, мектептен тыс ұйымдардың үйірмелері мен клуб оқушылары қатысты. Қатысушылардың жас ерекшелігі 12-17 жас аралығын құрады. Байқауда индустриалды-технологиялық институтының аға оқытушысы Алтынай Күпешева, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген геологы, БҚО «Сармат» құрама командасының ғылыми жетекшісі Галина Якименко, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің аға оқытушысы Жәмила Якупова төрелік етіп, әділқазы болды.

c813d2c7-5077-4fef-88a9-7344c9335685

Бағдарлама 14 геологиялық жұмыс бағыты бойынша жүргізілді. Жас геологтар «Геологиялық маршрут», «Геологиялық кесінді», «Минералогия және петрография», сондай-ақ «Палеонтология», «Гидрология» және «Өңдеуді байқап көру» байқауларында сынға түсті. Оқушылар «Геологиялық нысанның сипаттамасы», «Геология және біз» көрмесі, екі жылдық геологиялық есеп, сонымен қатар фотографиялар мен суреттер, тастардан түрлі ұсақ-түйек бұйымдар жасау байқауларында белсенділік танытты. Ақжайық, Бәйтерек, Бөкей ордасы, Бөрлі, Теректі аудандарынан барлығы 50 оқушы қатысты.

Жалпыкомандалық есеп бойынша I орынды Бәйтерек ауданының командасы, II орынды Бөрлі ауданының командасы, III орынды Ақжайық ауданының командасы жеңіп алды. БҚО құрама командасы 2026 жылдың шілде айында Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды.

Гүлфия  Азаматқызы,  

«Жайық Пресс»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале