Ақсай қаласының №3 ЖОББ мектебінде ұлттық киім тақырыбын қаузаған дөңгелек үстел өтті.

Шараның мақсаты - ұлттық киімді тек тарихи жәдігер емес, заманауи тренд және күнделікті стиль ретінде насихаттау, жастар арасында ұлттық код пен мәдени бірегейлікті (айдентиканы) қалыптастыру, қазақ ұлттық киімдері мен ою-өрнектерінің шынайы мағынасын, тарихын заманауи ұрпаққа дұрыс түсіндіру, ұлттық элементтерді (шапан, тақия, әшекейлер) заманауи киімдермен (casual, ресми стиль) қатесіз әрі талғаммен үйлестіру жолдарын көрсету, жастардың бойында ұлттық бұйымдар мен киімдерге деген мақтаныш сезімін ояту, «ұлттық киім кию – ескілік емес, заманауилық» деген түсінік қалыптастыру, қыз балаларға өнегелі отбасындағы келіндердің тәрбиесі мен тәжірибесін насихаттау.
Шараны ұйымдастырушы – «Ашық көмек» қоғамдық қорының жетекшісі Ботакөз Байқадамова кіріспе сөз сөйлеп, тақырып аясында оқушылармен пікір алмасты. Өз кезеңінде оқушылар да қойылған сауалдарға жауап беріп, заманауи үлгідегі ұлттық киімдер туралы өз ойларын ортаға салды. Шара шеңберінде ұлттық киімге, әшекей-бұйымдарға қатысты қыз баламен байланыстырып сұрақтар қойылды. Белсенді болған оқушыларға ұйымдастырушы «Абайдың қара сөздері», «Шәмшінің әндер жинағы» кітапшаларын сыйлыққа ұсынды.
Шара соңы ұлттық киімді наурызнаманың 10 күндігі аясында ғана емес, күнделікті өмірде талғаммен тұтыну – ұлттық мәдени-тарихи болмысқа құрмет, болашаққа деген дұрыс қадам деген ортақ пікірмен аяқталды.
Сәнім Меңдібай,
Бөрлі ауданы