27.05.2026, 0:00
Оқылды: 0

Түлектер ауылға арт-нысан тарту етті

“Менің жүрегім – Егіндібұлақ” деген туындыны жергілікті мектепті осыдан жиырма жыл бітірген түлектер тарту етті.

image-26-05-26-07-30-1

- Туған жерге деген перзенттік сезімін осындай игі іспен көрсетіп жатқан жерлестеріме алғысымызды білдіреміз. Бұл игі іс өзге де түлектерге үлгі болады деп ойлаймын. Таяуда жалпақталдық түлектер Эйфель мұнарасының көшірмесін орнатқаны белгілі. Болашақта біздің жақта да сондай еңселі, айтулы туындылар пайда болады деп сенеміз, - деді арт-нысанның ашылу салтанатында ауыл әкімі Ринат Ескендіров.

Ауылға тарту жасаған түлектердің мұғалімі, ардагер ұстаз Маруаш Убаева бүгінде елімізде, соның ішінде біздің облысымызда барын бағамдап, жоғын түгендеуге, перзенттік борышын өтеуге ниетті азаматтар қатары көбейіп келе жатқаны қуантатынын атап өтті. Енді олардың арасында өзінің шәкірттерінің де табылғанына риза.

image-26-05-26-06-42-5

Өз кезегінде сөз алған түлектердің айтуынша, олар 2006 жылы мектепті 6 оқушы бітірген екен. Біреуі ғана ауылда, қалғандары облысымыздың әр аумағында еңбек етуде. Солар жиналып, 600 мың теңгеге осындай нысан тарту етіп отыр. Жалпы аумағы 7х11 метр. Нысанның бой көтеруінде ауылдағы жігіттердің де көмегі аз болмапты.

image-26-05-26-06-42-4

- “Әркімнің туған жері – Мысыр шаһарындай” деп тегін айтылмаса керек. Егіндібұлақ – біздің жүрегімізде орын алған құтты мекен. Бұйыртса, алдағы 30 жылдықта да ауылымызға тағы да бір ерекше сый жасаймыз деп ойлаймыз, - деді түлектердің бірі Әсел Шадиярова.

Нысанның ашылу салтанатында сөз алған ауыл тұрғындары осынау игі істі жүзеге асырғандарға алғыс білдіріп, енді бұл жер көпшіліктің, соның ішінде жастардың демалатын орны болатынын жеткізді.

image-26-05-26-06-42-2

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале