1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай аудандық “Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті” коммуналдық мемлекеттік мекемесі “Балалар күлкісі – әлемнің көркі” атты мерекелік шара ұйымдастырды.
Балаларға шаттық сыйлаған думанды кеште аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов сөз сөйлеп, “Біздің таланттар” республикалық музыкалық-шығармашылық байқауының облыстық кезеңінде топ жарып, жеңіспен оралған балалар мен оларды даярлаған жетекшілерді облыстық білім басқармасының “Құрмет грамотасымен” марапаттады.
Сонымен қатар “AMANAT” партиясы аудандық филиалының басшысы Талғат Дарғожиев мекеменің мерейтойымен және Балаларды қорғау күнімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Мерекелік шара барысында балалар ән шырқап, би биледі. Жымпиты халық театры балаларға арналған ертегілік қойылым ұсынып, кештің көркін қыздырды.
“Tana Hall” мейрамханасында өткен игі шарада аталған мекеменің 20 жылдық мерейтойына қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған аудан кәсіпкерлері де марапатталды.
“Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Аида Ниязғалиева: "Балаларға қуаныш сыйлау – бәрімізге ортақ міндет. Осындай мерекелік шара арқылы бүлдіршіндердің жүзінен шаттық көріп, ерекше әсер алдық. Қолдау көрсеткен азаматтарға, ата-аналар мен әріптестерімізге алғысымды білдіремін", – деді.
Қоңдыкер Елеуов,
Сырым ауданы