29.05.2026, 17:30
Оқылды: 10

Жақсылыққа үндеген форум

Достық үйінде «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында «Жақсылыққа жетелейтін жандар» атты форум өтті. Оны облыстық аналар кеңесі ұйымдастырды. Форумды облыстық аналар кеңесінің мүшесі, жеке кәсіпкер Айгүл Биғалиева жүргізді.

da8d7019-ef5c-4ca8-98fa-872080828406

Жиынның мақсаты – жастар арасында адамгершілік, ізгілік қағидатын, ұлттық құндылықтар мен отбасылық тәрбиенің маңызын насихаттау, мейірімділік пен жауапкершілік қасиеттерін дәріптеу, қоғамдағы өнегелі жандардың өмірлік тәжірибесі арқылы жас ұрпаққа рухани-адамгершілік бағыт-бағдар беру.

Ұлттың болашағы тәрбиелі ұрпақ болса, сол тәрбиенің бастауы – ана. Бұл форум рухани құндылықтарды дәріптеп, ізгілік пен парасатты насихаттайтын тағылымды кездесу болды. Форум барысында қатысушылар түрлі салада еңбек етіп жүрген білікті мамандармен жүздесіп, олардың өмірлік тәжірибесі мен өнегелі ой-пікірін тыңдады. Кездесуге этнопедагог, «Зерек» орталығы мен «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық институтының облыс бойынша өкілі Манарбек Жұмабай, филология ғылымдарының магистрі, мәдени іс-шара жүргізушісі әрі жастар арасында поэзияны насихаттап жүрген Гүлжанат Аманкелді, жоғары санаттағы дәрігер, медицина ғылымдарының магистрі, облыстың штаттан тыс бас қан-тамыр хирургі Ербол Есеев және облыстық  дін мәселелерін зерттеу орталығының дінтанушы маманы Жансұлтан Сафиуллин қатысты.

Кездесуде спикерлер отбасы тәрбиесі, рухани құндылықтар, жастар тәрбиесі, денсаулық пен адамгершілік мәселелері төңірегінде ой бөлісіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Форум соңында облыстық аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманалина спикерлерге алғыс білдіріп, мұндай тағылымды кездесулердің жастар тәрбиесіндегі маңызы зор екенін атап өтті.

 

Гүлфия  Қолғанатова,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале