29.05.2026, 18:00
Оқылды: 15

Сырымдағы серпінді жобалар

Аптаның сейсенбісінде облыс әкімі Нариман Төреғалиев Сырым ауданына жұмыс сапарымен барды.

DSC08878

Алдымен өңір басшысы аталмыш ауданның Шолақаңқаты ауылдық округіндегі Құспанкөл ауылында болды. Мұнда жаңа мектеп салынып жатыр. Айта кетелік, ел Президентінің тапсырмасына сәйкес кейінгі үш жылда облысымызда 11 мың оқушыға лайықталған 30 білім ұясы бой көтерді. Оның тоғызы Мемлекет басшысы бастамашы болған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Бұл  апатты – 11, бейімделген – 12, үш ауысымды жеті мектептің мәселесін шешуге ықпал етті.

мектеп директоры

Қазіргі таңда өңірде сегіз мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бүгінде Құспанкөл бастауыш мектебінің ғимараты ескірген. 30 оқушыға лайықталған бұл білім ұясының қабырғасы 1981 жылы қаланған. 1-5 сынып аралығында 20 оқушы Құспанкөл бастауыш мектебінде оқыса, 5-9 сынып аралығындағы 28 оқушы Тоғанас ауылындағы В. Шубин атындағы мектепте тасымал негізінде білім алады. Аталмыш ауылда 800-ге тарта тұрғын бар. Халық жаңа мектепті асыға күтіп жүргенін жеткізді мектеп директоры Серік Қадыров (суретте).

– Ауылымызда оқушы саны жеткілікті. Осы орайда ауылдағы тұрғындардың санын сақтап қалу мақсатында жаңа мектептің бой көтеруі маңызды екенін айта кеткен жөн. Су жаңа білім ұясы тоғыз сыныпқа лайықталып салынып жатыр. Келер оқу жылында Тоғанас ауылына тасымал арқылы оқып жүрген бес пен тоғызыншы сынып оқушылары өз ауылымыздағы мектепке барады. Сондай-ақ осы сыныптарға сабақ беретін пән мұғалімдері де жұмысқа алынады. Осылайша халық пен оқушы саны көбейе береріне шүбә жоқ. Мемлекеттік бағдарламардың игілігін көрген жастар да Құспанкөлге көшіп келуде. Күні кеше ғана төрт баласы бар отбасы ауыл тұрғыны атанды. Жаңа мектеп ауылдың әл-ауқатын көтеретін маңызды нысандардың бірі, – деді мектеп директоры С. Қадыров.

мектептегі участок бастығы

Нариман Төреғалиұлы құрылысы жүріп жатқан ғимарат ішін аралап, учаске бастығы Мирлан Сауғановпен (суретте) тілдесті. Құны 1 млрд 372 млн теңге болатын ауқымды жобаны «Master Comm Logistics» ЖШС жүзеге асыруда.

– Құрылыс жұмысы 2025 жылдың желтоқсан айында басталды. Ғимараттың қабырғасы қаланып, шатыры жабылып тұр. Бүгінде ішкі сылақ және сыртқы абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Жобаның 50-60 пайызы орындалды. Қаражат, техника мен жұмысшы саны жеткілікті. Мектеп құрылысын тамыз-шілде айларында толық аяқтап, тапсырамыз, – деді учаске бастығы.

әкім

Аудан әкімі Жұмакелді Батырниязов (суретте) Құспанкөл ауылында мектепке қоса, жаңа алты баспананың құрылысы жүріп жатқанын тілге тиек етті. Онда көпбалалы отбасыларды қоныстандырып, мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды жүзеге асыру жоспарда тұрған көрінеді.

Облыс әкімі құрылысты тексеру барысында олқылықтарды байқады. Нақтырақ айтсақ, ғимараттың кей ішкі қабырғалары сөгіліп, кірпіштері босап тұр. Нариман Төреғалиев бұл қабырғаны құлатып, қайта қалау керек екенін жеткізді. Облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллинге, аудан басшылығы мен техникалық қадағалаушы ұйымға ғимараттың сапасын әркез тексеріп, қадағалауды тапсырды. Ал учаске бастығы кірпіші құлаудың нақ алдында тұрған қабырға туралы басшылық хабардар екенін және таяу арада бұзылып, қайта салынатынын жеткізді. Оның айтуынша, көктемгі жауын-шашын кезінде аталған қабырғаның іргетасы отырып, салдарынан кірпіштер ажырап кеткен. Өңір басшысы мердігерге құрылысты уақтылы әрі сапалы аяқтаумен қатар, мектеп ауласына компания қаражаты есебінен тал-терек отырғызуды міндеттеді. Бұл жасыл-желектер оқушыларға серіктестік сыйы әрі аманаты болмақ.

ТОБИ дир орынб

Халықаралық маңызға ие «Ақтөбе – Орал – РФ шекарасы» аутомобиль жолының 369-408 шақырымы жөнделуде. Бұрын Орал қаласы бағытынан шыққан жүргізушілер Жамбыл ауылы тұсында әбігерге түсетін. Себебі Жамбыл мен Жымпиты ауылдары арасындағы қашықтығы 40 шақырымға жуық жолдың жағдайы нашар еді. Бұл күндері осы шұрық-тесік жолды «ТОБИ» ЖШС жөндеп жатыр. Сәуір айында басталған орташа жөндеу жұмысының құны – 6,8 млрд теңге. Жол жөндеу жобасы аясында Шідерті және Өлеңті өзендеріндегі  көпірлердің деформациялық жіктері жаңарады. Қазір компания жолға қажетті асфальт қоспасын Оралдан әкелуде. Осы орайда  Оралдан тасымалданатын 140-180 градустағы ыстық асфальт межелі жерге жеткенге дейін суып кетпей ме? деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сауалды облыс әкімі «ТОБИ» ЖШС директорының орынбасары Жалғас Ахметовке (суретте) қойды. Серіктестік өкілі Оралдан жеткізілетін шикізатты учаске бойында дайындалған асфальтпен араластырып, қызуды қалыпта ұстап отырғанын айтты. Осы сөзін алға тартқан директор орынбасары асфальт қызуын есептегіш құрылғыны төселіп жатқан жолға сұғып, дерек-дәйегіне дәлел келтірді. Айта кетелік, суып кеткен асфальт дұрыс нығыздалмай, жолдың тез жарылып әрі шұңқырланып бұзылуына әкеледі. Қазіргі кезде «ТОБИ» ЖШС жол бойында асфальт зауытын салып жатыр. Зауыт іске қосылса, қажетті шикізат осында өндіріледі.

– Күні бүгінге дейін жеті шақырым жол жөнделді. 26 шақырым жол ресайклинг әдісімен қайта өңделеді. Халықаралық маңызы бар тасжолдың 39 шақырымына беріктігі жоғары асфальтбетон төселмек. Көлік қозғалысын тоқтатпау мақсатында айналма жол салынды. Жоспар бойынша орташа жөндеу жұмысы келер қазан айында аяқталуы керек, – деді Ж. Ахметов.

Өңір басшысы жол жөндеу жұмысын қазан айына дейін созбай, қыркүйекте тәмамдауды тапсырды. Сонымен қатар жауапты сала мамандарына жол жайын үнемі қадағалап, сапасын жіті тексеріп отыруды жүктеді.

DSC08981

Жоғарыда айтқандай, Жымпиты ауылының іргесінде халықаралық және ішкі саудада маңызды рөл атқаратын тасжол бар. Күрежолмен өтетін көліктер легі күн санап артып келеді. Қазір ауыл ішіндегі жол бойында газ толтыратын компрессорлық станса құрылысы қарқынды жүргізілуде. Келер күндерде метан газының бекеті ашылады.  Құны 650 млн теңгені құрайтын бұл станса инвестициялық жоба негізінде қаржыландырылып, өңірдегі экологиялық таза отын бекеттерін көбейтіп, дамыту-
ға бағытталды.

Исатай Темірбаев

Мердігер «СК Алаш» ЖШС басшысы Исатай Темірбаев (суретте) облыс әкіміне жаңа бекеттің экологиялық артықшылықтарын айтып, құрылыс жұмысының 85%-ы аяқталғанын жеткізді.

– Метан газы табиғи газдан алынып, арнайы компрессор арқылы сығылады. Қазіргі кезде компрессор орнатылды және табиғи газ қоры мол. Осының нәтижесінде көліктер лек-легімен, үздіксіз келсе де, бекет жұмысын тоқтатпай, қызмет көрсетеді. Бүгінде жобаның негізгі жұмысы тәмамдала келді. Инженерлік желілер тартылып және заманауи құрылғылар орнатылып жатыр. Бекетте метан газын тарататын сегіз бағана бар. Жоба аясында 10 азаматқа жаңа жұмыс орны ашылады, – деді мердігер.

Жоба барысында қытайлық озық технологиялар өндіріске енгізілуде. Маусым-шілде айларында құрылыс жұмысы толық аяқталып, метан газын тұтынатын жүргізушілерге қызмет көрсетпек.

Искаков

Сырым ауданының Қосарал мен Жетікөл ауылдарындағы тұрғындар ауыз су келсе деп тілейді. Өткен жылдарда аудан басшысының халықпен кездесу жиындарында да ауылдағы ағайын осы мәселені көтерген. Тұрғындар осы қос ауылдағы ауыз судың қысымы төмен екенін әрі жиі бүлініп (ашып) кететінін мәлімдеген. Енді ауыз суға зар болған күндер де артта қалмақ. Себебі аталған ауылдарға ұзындығы 33 шақырым болатын су құбырын тарту жұмысы басталды. Құны 768 млн теңге болатын жобаны «БатысГазСтрой» ЖШС жүргізуде. Жоба бойынша ауыз сумен қамту жұмысы он ай ішінде, яғни желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Артур Искаков (суретте) бүгінде нысан басында техникалар жеткілікті екенін айтып, құрылысқа қажетті материалдар тасымалданып жатқанын сөзіне өзек етті.

– Ауыз су Кенащы жер асты су көзі мен топтық су құбырынан алынады. Жоба бойынша Шағырлой ауылынан 24 шақырым болатын су құбыры Қосарал ауылындағы екінші су көтеру стансасына дейін тартылады. Құбыр бойында жөндеу шахталары қарастырылған. Бірінші су көтеру стансасында 100 кубтық екі дана резервуар орнатылады. Сонымен бірге қуаты 66,2 м³/сағ болатын екі дана насостық қондырғысы бар станса ғимараты салынады. Ауылішілік су құбыры толығымен жүргізіліп, осы құбырлар арқылы әр үйге ауыз су жеткізіледі. Жоба аяқталған соң екі ауылдың тұрғындары орталықтандырылған таза ауыз суға қосылып, жыл бойы үздіксіз сумен қамтылатын болады, – деді бөлім басшысы.

Өңір басшысы Нариман Төреғалиев ауылдық жерлердегі халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін айтты. Құрылыс жұмысын сапалы аяқтап, ауыз су мәселесіне үстірт қарамауға шақырды.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале