1.06.2026, 19:00
Оқылды: 6

Ұлттық код пен жасанды интеллект тоғысқан этно-дефиле

Бәйтерек ауданының Шалғай ауылында «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында ұлттық рух пен заманауи технология тоғысқан тағылымды шара өтті. Аудандық «AMANAT» партиясы, Жастар ресурстық орталығы мен «Яңарыш» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен, Бәйтерек ауданының мәдени-демалыс орталығы, «Шың» драма театры және Шалғай ауылдық клубы ұйымдастырған «Ұлттық мұра – болашақ бейнесінде» атты этно-дефиле көрерменге ерекше әсер сыйлады.

image-01-06-26-06-13-23

Кештің шымылдығы да өзгеше серпінмен түрілді. Жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, LED-экранда ұлттық нақыш пен заманауи үрдістер үйлесім тапқан көріністер ұсынылды. Визуалды композициялар арқылы болашақтағы қазақы киім үлгілерінің жаңаша келбеті айшықталып, көрермен қиялын алға жетеледі. Көп ұзамай экрандағы бейнені сахнада жалғаған қос жүргізуші дәл сол үлгідегі киіммен шығып, виртуалды кеңістіктен шынайы әлемге өткендей әсер қалдырды.

Этно-дефиле барысында жергілікті дизайнерлердің тың идеяларынан туған бірегей туындылар көпшілік назарына ұсынылды. Әрбір киім үлгісінен ұлттық болмыстың бедері мен замана тынысы қатар сезілді. Сән көрсетілімі көркемдік талғам мен шығармашылық ізденістің үйлесімін танытып, көрермен жүрегінен орын алды.

Этно-дефиле мазмұны жағынан екі кезеңге құралып, әрқайсысы өзіндік идеялық жүк пен көркемдік стиль арқылы дараланды. Алғашқы кезең – «Классикалық қазақтың ұлттық киімі». Бұл бөлімде сахна төріне тарихи тамырынан ажырамаған, қазақ халқының ұлттық болмысын шынайы әрі толық бейнелейтін дәстүрлі киім үлгілері ұсынылды. Әрбір образдан ұлттың рухы, дала мәдениетінің асқақтығы мен нәзік эстетикасы айқын сезіліп, көрермен қауым байырғы қазақ сәнінің тереңдігін тағы бір мәрте түйсінді. Шараның ең әсерлі, жаңашыл әрі авангардтық бөлігі – екінші кезеңдегі «Болашақтағы ұлттық киім» (AI Design and Reality) болды. Бұл бөлімде этно-футуризм бағытына негізделген, жасанды интеллект – нейрожелі көмегімен әзірленген қиял-ғажайып эскиздер шынайы өмірге жол тартып, сахнада футуристік киім үлгілері ретінде көрініс тапты. Әшекей шамдар арқылы берілген жарық эффектілері, жылтыр детальдардың қазақы ою-өрнекпен үйлесуі көрерменге ерекше әсер сыйлады. Нәтижесінде, ұлттық нақыш жаңа технологиямен үндесіп, сән әлеміне тың тыныс, жаңа бағыт әкелгендей сезім сыйлады.

Этно-дефиле соңында сөз алған қонақтар мен ұйымдастырушылар мәдени шараның маңызына кеңінен тоқталды. «Яңарыш» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Юлия Яфарова өз сөзінде бүгінгі кештің өзгеше форматта өткенін атап өтіп, жобаның мәніне айрықша назар аударды. Оның айтуынша, мұндай бастама – заманауи цифрлық технологиялар мен ұлттық мәдени мұраны ұштастыруға берілген үлкен мүмкіндік. Сондай-ақ гендерлік саясаттың маңызына тоқталып, оның барлық жастағы әйелдердің тең мүмкіндігін қамтамасыз етуге, белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға және отбасылық, мәдени құндылықтарды сақтауға бағытталғанын жеткізді.
«Біз өз ұлттық болмысымыз бен мәдениетімізді танып-білмей, дамуға қадам баса алмаймыз. Болашақ – ұлттық бірегейлік пен дәстүрді құрметтеуден басталады. Бүгінгі шараға белсене қатысқан барлық қатысушыларға, жарқын образдары мен тың идеялары үшін алғысымды білдіремін», – деді ол.

Сондай-ақ шалғайлықтарды айтулы шарамен жерлестері – округтің экс-әкімі, қазіргі таңда аудандық Отбасын қолдау орталығының директоры Гүлзада Бөлекова да құттықтады.

Өз сөзінде ол Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағанын атап өтіп, бүгінгі шараның сол бастамамен үндескенін жеткізді.
«Бүгінгі мәдениет ошағында өткен шара ерекше бағытта ұйымдастырылды. Қазақ халқының ұлттық киімін заманауи технологиямен ұштастыра отырып, өткен мен болашақты байланыстыру, оның әсемдігі мен көркемдігін ашу – негізгі мақсат болды. Ұйымдастырушылар осы сенім үдесінен шыға білді», – деді Гүлзада Қажымқызы.

Марапаттау рәсімінде сөз алған аудандық мәдени-демалыс орталығы әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Амангүл Намазова шараға қолдау білдірген мекеме басшыларына, белсене қатысқан мәдениет ошақтарының жетекшілеріне, киім үлгілерінің авторларына және сахнада өнер көрсеткен сәнгер аруларға алғысын білдірді.

image-01-06-26-06-13-1

– Бұл этно-дефиленің артында үлкен еңбек жатыр. Ұлттық киімге, ұлттық мұраға, ұлттық құндылықтарға деген құрмет – бұл келешекке жасалған насихат. Баршамызға мәлім, 2026 «Жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Бүгінгі шара ұлттық қазақы киімді дәріптеуге, сондай-ақ мәдени мұра мен заманауи технологиялардың сабақтастығын көрсетуге бағытталған. Ауылдық клуб пен мектептердің барлық қатысушыларына, сондай-ақ ұсынылған киім үлгілерінің авторларына алғысымызды білдіреміз. Сонымен қатар аудандық «Аманат» партиясы филиалының төрайымы Бибігүл Меңдіғалиқызына, жастар ресурстық орталығының басшысы Дархан Әнуарбекұлына, Отбасын қолдау орталығының директоры Гүлзада Қажымқызына және «Яңарыш» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Юлия Ринатқызына ерекше алғыс айтамыз, – деген Амангүл Рамазанқызы киім үлгілерінің авторлары мен сәнгерлерді арнайы диплом және естелік сыйлықтармен марапаттады.

Атап айтқанда, Көшім ауылдық округінен (Үлкен Шаған ауылы) дизайнер Миргүл Мендыханқызы, сәнгер Наргиза Мурсанова, Көшім ауылдық округі (Көшім ауылы) дизайнер Райгүл Бекетова, сәнгер қыздар Айкөркем Табылды мен Назгүл Бисекенова, Көшім ауылдық округі (Өркен ауылы) дизайнер Жанар Лукпанова, сәнгерлер Шұғыла Мәжит пен Жансая Сәрсенғали, Байқоныс ауылдық округі (Володар ауылы) дизайнер Эльвира Мухамбетова, сәнгерлер Фатима Сабыр мен Нұрдана Нұрланқызы, Дариян ауылынан дизайнер Полина Силина, сәнгерлер Жанеркем Рамазанова мен Полина Силина, Рубежин ауылынан дизайнер Әлия Исказиева, сәнгер Динара Ирмонова, Янайкин ауылынан дизайнер Гүлназ Балыкова, сәнгер Қарақат Балыкова, Достық ауылынан дизайнер Лунара Шукулова, сәнгер Гүлдария Бержанова марапатталды.

Сондай-ақ ұйымдастырушылардың шешімімен ең үздік үш киім үлгісінің авторлары – Гүлнар Балыкова, Миргүл Мендыханқызы және Жанар Лукпанова арнайы марапатқа ие болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бағыттағы этно-дефилені алдағы уақытта шығармашылық тұрғыда дамытып, ауқымын кеңейтіп, облыс көлемінде өткізу жоспарда бар.

                                                                                                          Гүлім Орда,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале