Өткен аптада мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалтуға арналған «Ақжайық» орталығында әлеуметтік саланың маңызды мәселелерін талқылаған республикалық семинар өтті. «Әлеуметтік оңалту орталықтарының тиімді тәжірибелері және инновациялық тәсілдерді қолдану» тақыры-бындағы жиынға еліміздің сегіз өңірінен келген жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары, оңалту орталықтарының жетекшілері мен мамандары қатысты.

Семинар барысында қатысушылар әлеуметтік оңалтудың заманауи тәсілдерімен танысып, өңірлердегі тиімді тәжірибелерді ортаға салды. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты бақылау және реттеу құрылымдарының өкілдері, әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарының басшылары әлеуметтік қызмет сапасын жетілдірудің жаңа бағыттарын талқылады.
Бүгінде «Ақжайық» орталығы Батыс Қазақстан облысындағы әлеуметтік саланың маңызды нысандарының біріне айналып отыр. 2024 жылы құрылған мекеме тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар мен психоневро-логиялық патологиясы бар азаматтарға, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар жандарға кешенді оңалту қызметін көрсетеді. Мұнда арнаулы әлеуметтік қызметтердің сегіз бағыты толық енгізілген. Медициналық, психологиялық, педагогикалық, құқықтық, мәдени және еңбекке бейімдеу қызметтері бір жүйеге біріктірілген. Орталықтың материалдық-техникалық әлеуеті де заманауи талаптарға сай. Емдік жүзу бассейні, роботтандырылған Lokomat кешені, физиотерапия құрылғылары, сенсорлық интеграция кабинеттері мен еңбек терапиясына арналған шеберханалар қызмет алушылардың мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Әсіресе балаларға арналған сенсорлық панельдер, иппотерапия тренажерлері мен дамыту құрылғылары олардың қозғалыс белсенділігі мен сөйлеу дағдыларын жақсартуға ықпал етуде.
– Абай облысындағы мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалту орталығы 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылып, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға кешенді оңалту қызметтерін көрсетіп келеді. 150 орынға арналған мекемеде дәрігерлер, психологтер, педагогтер мен әлеуметтік қызметкерлерден құралған мульти-дисциплинарлық топ жұмыс істейді. Орталықта әлеуметтік қызметтердің сегіз бағыты бойынша көмек көрсетіліп, физиотерапия, гидротерапия, емдік дене шынықтыру, психологиялық және еңбек терапиясы секілді заманауи оңалту әдістері қолданылады. Мұнда арнайы бассейндер, тренажер залдары, сенсорлық және дамыту кабинеттері жұмыс істейді. Сонымен қатар қызмет алушыларға құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және мәдени қолдау да көрсетіледі. Мамандардың біліктілігін арттыру мен тұрғындарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу де орталық қызметінің маңызды бағыттарының бірі, – деп атап өтті Абай облысы мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалту орталығының директоры А. Бітімбаев.
Семинарда спикерлер орталықтан ем алып, оңалып кеткен науқастардың өмірін нақты дәлел ретінде айтып берді. Жол-көлік оқиғасынан кейін омыртқа жарақатын алған азаматтың қайта қимылдай бастауы, сал ауруына шалдыққан баланың алғашқы қадамдары – мамандар еңбегінің нақты жемісі. Кейбір қызмет алушылар арбадан өздігінен тұруды үйренсе, енді бірі қосымша тірек құралдарынсыз жүруге мүмкіндік алған.
Мамандардың айтуынша, қазіргі оңалту жүйесі тек медициналық көмекпен шектелмеуі керек. Сондықтан орталық мультидисциплинарлық модель негізінде жұмыс істейді. Яғни дәрігерлер, психологтер, дефектологтар, әлеуметтік қызметкерлер мен еңбек терапиясы мамандары бірлесе отырып, әр адамға жеке бағдарлама құрады. Бұл тәсіл адамның қоғамға бейімделуіне және өз-өзіне сенімін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Жиында сөз алғандар әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарына арналған бірыңғай республикалық стандарт қажет екенін де көтерді. Өйткені өңірлердегі қызмет сапасын біріздендіру, халықаралық тәжірибені енгізу және оңалту нәтижесін нақты бағалау алдағы уақыттың еншісінде.
– Батыс Қазақстан облысында 26 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тіркелген. «Ақжайық» орталығы негізінен І және ІІ топтағы, тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық аурулары бар азаматтарға қызмет көрсетеді. Мұнда стационарлық және жартылай стационарлық сипаттағы оңалту қызметтері ұйымдастырылған. Ауданнан келген және жүріп-тұруы қиын азаматтар орталықта жатып ем қабылдаса, қала тұрғындары күндізгі бөлімде қызмет алады. Қазіргі таңда негізгі мәселелердің бірі – оңалту қызметтерін ұйымдастырудағы бірыңғай стандарттың болмауы. Қазіргі жүйеде балалар мен қызмет алушылар бір орталықтан екіншісіне ауысқанда қайтадан кезекке тұруға мәжбүр болады. Сондықтан оңалту орталықтарына арналған арнайы стандарт әзірлеу қажеттігі көтеріліп отыр. Бүгінгі семинарда инновациялық технологияларды енгізу мәселесіне ерекше назар аударылды. Біздің орталықта орнатылған роботтандырылған Lokomat аппараты – со-ның айқын мысалы. Бұрын мұндай құрылғымен ем қабылдау үшін облыс тұрғындары Астана немесе Алматы қалаларына баруға мәжбүр болса, енді заманауи оңалту қызметі өз өңірінде қолжетімді болып отыр. Роботтық техника адамның физикалық мүмкіндігін саралап, жүктемені аутоматты түрде реттеу арқылы тірек-қимыл функцияларын қалпына келтіруге көмектеседі, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Абдолов.
Семинар соңында қатысушылар әлеуметтік саланың басты құндылығы адам тағдыры екенін ерекше атап өтті. Расында, ерекше қажеттілігі бар жанға көрсетілген көмек – жай ғана қызмет емес, ол – ананың үміті, баланың болашағы, адамның қоғамнан шет қалмай өмір сүруіне берілген мүмкіндік.
Орал қаласындағы «Ақжайық» оңалту орталығы бүгінде науқас жандардың зор үмітпен келетін мекеніне айналып келеді.
Гүлжамал Кенжеғалиева,
«Орал өңірі»