Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның Еңбек Ері, ақын әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойына арналған «Әр күн – арайлы таң!» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.

Рухани-әдеби іс-шараның ашылуында сөз алған орталық директоры Талғат Мықи мерейтой иесінің ұлттық руханияттағы айрықша орнына тоқталып, халқымыздың мәдени мұрасын байытқан тұлғалардың шығармашылығын насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.
Кеш барысында Олжас Сүлейменовтің түркі өркениетінің бастауларына терең бойлаған, адамзаттық құндылықтарды арқау еткен поэзиясы мен қоғамдық қызметі кеңінен сөз болды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, танымал ақын Айтқали Нәріков мерейтой иесінің әдебиет пен руханияттағы орны туралы ой қозғап, оның шығармашылық мұрасы мен тарихи тұлғалық келбетін жан-жақты саралады. Сонымен қатар ұлт әдебиетіндегі сабақтастық пен рухани құндылықтардың жалғастығы жайында әсерлі пікірлерін ортаға салды.
Кеш аясында Олжас Сүлейменовтің ғылым мен әдебиеттегі жаңашыл көзқарасы, «Аз и Я» еңбегінің түркологияға қосқан үлесі, «Невада – Семей» антиядролық қозғалысындағы азаматтық ұстанымы мен қайраткерлік қыры кеңінен талқыланды. Сондай-ақ Қадыр Мырза Әли мен Олжас Сүлейменов арасындағы шығармашылық үндестік пен рухани байланыс та ерекше аталып өтті.

Бағдарлама барысында орталық қызметкерлері Нұрлыбек Айтқалиев пен Зарина Хайырова ақынның «Адамға табын, жер, енді!» поэмасынан үзінді оқыса, орталық әдіскері Ақмоншақ Есетова Қадыр Мырза Әлидің «Әр күн – арайлы таң!» кітабына арналған мазмұнды баяндама жасап, шығармаға терең талдау жасады.
Әдеби-сазды кеште жергілікті өнерпаздар ән шырқап, кештің сәнін келтірді.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»