2.06.2026, 17:15
Оқылды: 17

Үздік оқырман отбасы

Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының 65 жылдық мерейтойы қарсаңында ‹‹Ақ Жайық өңірінің оқырман отбасы – 2026›› облыстық байқауы оздырылды. 

IMG_1205

Іс-шараға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Тілекқабыл Ғабдушев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Айтқали Нәріков пен тіл және кітапхана жанашыры Роза Әбекешова қатысты.

Сондай-ақ ҚР Білім беру ісінің үздігі, ақын Үзілдік Елеубаева мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Талап Таймасұлы, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапхана директорының орынбасары Ұрқия Жиенәлиева байқауға қазылық етті.

Хамза Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасы жыл сайын «Ақ Жайық өңірінің оқырман отбасы» байқауын өткізіп келеді.  Бұл кезекті іс-шара облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен кітапхана үздік отбасылық дәстүрді таныту, отбасылық оқу мен бос уақытты тиімді ұйымдастыру, жас отбасылардың өзара дамуына, шығармашылық қабілетінің ашылуына жағдай жасау мақсатында ұйымдастырды.

Іс-шарада облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Тілекқабыл Ғабдушев сөз сөйлеп, байқау қатысушыларына сәттілік тіледі.

– Отбасы – әр адамның өміріндегі ең қымбат қазына, мейірім мен махаббаттың, тәрбие мен берекенің алтын ұясы. Еліміздің әр отбасы бақытты болса, мемлекетіміз де мықты болады. Сондықтан отбасы құндылығын сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді Тілекқабыл Александрұлы.

«Ақ Жайық өңірінің оқырман отбасы – 2026» облыстық байқауы үш бөлімнен тұрды. «Бір кітап – бір отбасы» бөлімінде қатысушы отбасы таңдаған көркем шығарма бойынша әдеби талдау жасап, кейіпкерлерге мінездеме береді. Сондай-ақ сахналық көрініс түсіріп, әлеужеліге жүктейді. Ал «SMART-формат деп аталатын бөлімде «AI-иллюстрация» кітап кейіпкерін, көрінісін жасанды интеллект (ЖИ) көмегімен визуализациялайды. Яғни үш минуттық әлеуметтік бейнежазба жасап, әлеужеліге жүктеулері керек. Үшінші бөлімнің тапсырмасында кітапхананың 65 жылдық мерейтойына арналған құттықтау бейнеролигін әлеужеліге салады. Байқау қорытындысында отбасылар отбасылық оқу дәстүрі, сүйікті кітаптары мен кітапханамен байланысы туралы өздерін жан-жақты таныстырды.

Байқау қорытындысында Сайқын ауылынан Омаровтар, Жәнібектен Күлтеновтер, Аманкелдіден Кенжетаевтар отбасы ІІІ орынмен марапатталды. Сондай-ақ Теректі ауылынан Адайхан әулеті, Пятимар ауылынан Қарағойшиевтер отбасы ІІ орын биігінен көрінді. Ал І орынды Ілбішін ауылдық кітапханасының оқырмандары Ғазизовтар отбасы жеңіп алды. Бас жүлдені Қаратөбеден келген Сәрсенғалиевтер отбасы қанжығасына байлады.

IMG_1227

Байқауда «Шығармашыл оқырман отбасы» аталымын Пугачев ауылдық модельді кітапханасының оқырмандары Силыбаевтар отбасы иеленсе, «Интеллектуалды оқырман отбасы» сайысында Қоныс ауылынан келген Ерекешовтар отбасы марапатталды. Ал «Зейінді оқырман отбасы» аталымын Тасқала аудандық балалар кітапханасының оқырмандары Шариповтар отбасы місе тұтты.

Игі бастамада белсенділік танытып, үлгі болған барлық отбасы алғысхат пен сый-сияпаттарға  ие  болды.

Гүлфия Қолғанатова,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале