1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Шыңғырлау ауданы Ақбұлақ ауылдық мәдениет үйінде мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, ауыл бүлдіршіндеріне көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас әсер сыйлады.

Мерекелік бағдарламаның ашылуында сөз сөйлеген «Amanat» партиясы бастауыш партия ұйымының төрайымы Айгүл Қаленова балаларды төл мерекелерімен құттықтап, оларға зор денсаулық, сапалы білім және жарқын болашақ тіледі. Өз сөзінде ол өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен дамуы мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Округтегі кітапхана меңгерушісі Нұрила Дарисова да балаларға арналған шығармалармен таныстырып, мерекелік құттықтауын жеткізді.
Іс-шара барысында балалар әртүрлі ойындарға қатысып, сурет салу сайысында бақ сынады. Сонымен қатар ән айтып, би билеп, өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Балалардың өнерге деген қызығушылығы мен белсенділігі көпшіліктің көңілінен шығып, мерекенің мазмұнын арттыра түсті. Әсіресе ұлттық және танымдық ойындар арқылы балалар достық пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті.
Шараның жоғары деңгейде өтуіне ауыл азаматтары мен кәсіпкерлері демеушілік қолдау көрсетті. Атап айтқанда, Астана қаласында тұратын ауыл тумасы Аман Аймұрзиев, 1977 жылы туған ауыл тұрғындары , жеке кәсіпкерлер – «Асар» шағын маркетінің иесі Гүлмира Хамитқызы, «Жасмин» дүкенінің иесі Қарлығаш Бекениязова және «Унгаралиев» дүкенінің иесі Ләззат Мұратқызы балалар мерекесіне өз үлестерін қосып, сыйлықтар мен тәттілер ұсынды.

Ауыл тұрғындарының осындай жанашырлығы мен қолдауы жас ұрпаққа деген қамқорлықтың нақты көрінісі болды. Қайырымдылық пен демеушіліктің арқасында бүлдіршіндер ерекше қуанышқа бөленіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мереке соңында балаларға сыйлықтар табысталып, тәттілер үлестірілді.
Сара Әділ,
Шыңғырлау ауданы