3.06.2026, 0:00
Оқылды: 1

«Арай» лагерінің ашылу салтанаты өтті

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Шыңғырлау ауданындағы «Арай» балалардың жазғы демалыс лагерінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

InShot_20260602_193022270

Балалардың асыға күтетін мерекесімен тұспа-тұс келген игі шараға аудан басшылығы, білім саласының қызметкерлері, депутаттар, ата-аналар мен оқушылар қатысты.

Салтанатты жиында Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары Айбек Исламбек құттықтау сөз сөйлеп, жас жеткіншектерге жарқын жазғы демалыс тіледі.

– Балалар – еліміздің ең қымбат қазынасы, мемлекетіміздің жарқын болашағы. Сондықтан олардың сапалы білім алып, денсаулығын нығайтып, жан-жақты дамуына барлық жағдай жасау – ортақ міндетіміз. Жазғы демалыс уақытын тиімді пайдаланып, жаңа достар тауып, қызықты сәттерге толы күндер өткізулеріңізге тілектеспін. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын! – деп атап өтті.

Мерекелік шарада ауданның Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Адақ Шотпанов пен аудандық мәслихат төрағасы Сағидолла Тұрғалиев ақ баталарын беріп, жас ұрпаққа ізгі тілектерін жеткізді.

image-02-06-26-07-09-2

Сондай-ақ аудандық «Amanat» партиясы филиалының атқарушы хатшысы Азамат Тағаниязов депутаттар  атынан құттықтап, мемлекет тарапынан балалардың жарқын болашағы үшін атқарылып жатқан маңызды жұмыстарға тоқталды, арнайы сыйлықтар табыстады.

Мерекелік бағдарлама барысында «Әсем-ай» би тобының әсерлі флешмобы көрермендердің көңілінен шықты. Балалардың мәнерлеп оқу шеберлігі мен жас өнерпаздардың ән шашуы көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар демеушілер атынан балаларға тәттілер мен балмұздақтар таратылып, мерекелік қуаныш еселене түсті.

Шыңғырлау аудандық балалармен  жұмыс орталығының директоры Самат Байболатов барша қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын білдірді.

– Балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі қауіпсіз ұйымдастыру – біздің басты міндетіміз. Балаларды тәтті қоржындармен, балмұздақпен және аниматорлармен қамтамасыз еткен аудан депуттарына және кәсіпкерлер: Бахтияр Киреевке, Кымбат Катиковаларға шынайы алғыс білдіреміз. Балаларымыз жазғы демалыс кезінде жаңа достар тауып, шығармашылық қабілеттерін дамытып, жарқын естеліктер жинайды деп сенемін. Лагерь аудан мектептерінің 200 оқушысын қамтитын болады. Демалушы бүлдіршіндерімізге көтеріңкі көңіл күй, зор денсаулық және қызықты демалыс тілеймін, – деді орталық директоры.

Сара Шакрат,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале