2.06.2026, 23:00
Оқылды: 4

Сәбидің күлкісі – мерекенің сәні

Балаларды қорғау күніне орай Орталық саябақта Шыңғырлау аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Сәбидің күлкісі – әлемнің сыңғыры» атты мерекелік шара өтті.

image-02-06-26-07-15-2

Балғындардың шаттығын еселей түскен іс-шараға аудан тұрғындары мен бүлдіршіндер көптеп қатысты. Мерекелік бағдарлама аясында аудандық кітапхана қызметкерлері «Ертегілер әлеміне саяхат» атты танымдық шара ұйымдастырып, балалар әдебиеті мен шығармаларынан арнайы көрме ұсынды. Кітап көрмесі жас оқырмандардың қызығушылығын арттырып, олардың әдебиетке деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға бағытталды.

Шара барысында балалар асфальтқа түрлі тақырыпта сурет салып, өздерінің шығармашылық қабілеттерін танытты. Сонымен қатар қызықты ойындарға қатысып, белсенділік көрсетті. Сахна төрінде өнерлі өрендер ән шырқап, би билеп, мерекенің ажарын аша түсті.

image-02-06-26-07-15

Аниматорлардың қатысуымен ұйымдастырылған командалық ойындар да көпшіліктің көңілінен шықты. Балалар өзара достық қарым-қатынас орнатып, ұйымшылдық пен тапқырлықтарын көрсетті, тәтті сыйлықтарға ие болды.

Мерекелік шара барысында  аудандық мәдениет үйінің директоры Сансызбай Сұлтанғалиев бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады.

image-02-06-26-07-15-1

– Балалар – еліміздің жарқын болашағы. Олардың қуанышы мен бақытты балалық шағы баршамыз үшін маңызды. Осындай игі шаралар арқылы балалардың шығармашылығын шыңдап, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береміз. Бүгінгі мереке барша бүлдіршінге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды деп сенемін, – деді.

Жарқын көңіл-күй сыйлаған мерекелік шара бүлдіршіндердің шат күлкісіне ұласып, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.

Сара Әділ,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале