3.06.2026, 12:45
Оқылды: 13

Қыстың қамы жаздан: шаруалар жем-шөп дайындауға кірісті

Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин Бударин ауылдық округіне жұмыс сапарымен барды. Онда ол округ аумағында орналасқан «Ералы» шаруа қожалығына арнайы ат басын бұрып, шаруашылықтың жұмысымен танысты.

 

11 011

«Ералы» шаруа қожалығы – 2004 жылдан бері ауданның ауыл шаруашылығы саласында тұрақты еңбек етіп келе жатқан іргелі шаруашылықтардың бірі. Иесі – Бақтығали Темірғазиев.

Бүгінде қожалықта 65 ірі қара, 158 бас жылқы бар.  Биыл шаруашылық 220 гектар жерге мал азықтық дақылдар еккен. Атап айтқанда, 120 гектарға судан шөбі, 40 гектарға жоңышқа және 60 гектарға қара бидай себілген. Шаруаның  екпешөпке бет бұрғанына 4 жылдай уақыт болыпты. Ол үшін кәсіп иесі техникасын да қамдап қойыпты: шаруашылық иелігінде  екі «МТЗ-82», «МТЗ-52», «МТЗ922.3»,  «МТЗ-1222» тракторлары және ПТС-4, ПТС-6 трактор тіркемесі,  екі ПТС-12, КУН, ПФ-145 пресс-жинағышы бар.

Б.Темірғазиевпен жүздескен аудан басшысы саладағы өзекті мәселелерді талқылап, жемшөп қорын молынан жинау, ауыл шаруашылығына көрсетілетін мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану және алдағы жоспарлар жөнінде пікір алмасты.

Сондай-ақ, Мұрат Амангелдіұлы ауыл шаруашылығы саласын дамытуда осындай еңбекқор жандардың рөлі ерекше екенін атап өтті.

«Қыстың қамын жаз ойла» деген, қазірдің өзінде шабындық басында тірлік қыз-қыз қайнап жатыр. Мақсат – алдағы қысқа жетерлік мал азығын жинап алу. Жем-шөп қорын дайындау жоспары да бекітілді. Биыл қыстаққа аудан бойынша 199 мың 200 шартты мал басы кіреді деп жоспарланған. Демек, осы малға қысқа жетерлік 362 мың 500 тонна шөп және 41 мың 100 тонна жем жинап алу қажет. Ал өткен қыстан аудан шаруашылықтарында 6 мың 500 тонна жемшөп қоры сақталған.

Қазіргі таңда ауданның бірқатар ауылдық округтеріндегі шабындықтарға шалғы түсті. Атап айтқанда, Чапаев, Құрайлысай және Базартөбе ауылдық округтерінде барлығы 4 мың 600 тонна мал азығы дайындалды. Науқанға 18 техника жұмылдырылып, 1,7 мың гектар жердің шөбі шабылды.

Нұрбек Ихсан

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале