4.06.2026, 9:30
Оқылды: 36

Ғалымдар биологиялық қауіпсіздік мәселесін қозғады

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде алғаш рет американдық микробиология қоғамының (American Society for Microbiology) қолдауымен «Микробқа қарсы төзімділік:  жаһандық қиындықтар мен шешу жолдары» тақырыбында халықаралық семинар өтті.

IMG_4750.JPG

Бүгінде микробқа қарсы төзімділік (резистенттілік) – адамзат алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі. Микроорганизмдердің антибиотиктерге төзімділігінің артуы жұқпалы ауруларды емдеуді күрделендіріп қана қоймай, денсаулық сақтау мен ветеринария саласына елеулі қауіп төндіруде. Мамандардың мәлімдеуінше, бұл жағдай экономикалық шығындардың өсуіне, аурулардың

таралу қаупінің артуына, сондай-ақ мемлекеттердің биологиялық және азық-түлік қауіпсіздігіне  әсер  етуде.

Аталған халықаралық семинар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің бастамасымен, ветеринария саласын дамытудың кешенді жоспары аясында ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстан, Ресей, Литва, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь және Ұлыбритания елдерінен келген ғалымдар мен сарапшылар, халықаралық ұйымдар өкілдері, ветеринария және денсаулық сақтау саласының мамандары қатысты.

Олардың қатарында Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (WOAH) өкілдері де бар. Семинарда микробқа қарсы резистенттіліктің таралу себептері, антибиотиктерді ұтымды пайдалану, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мониторинг жүйелерін жетілдіру, ведомствоаралық ықпалдастық пен халықаралық ынтымақтастық мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар жас зерттеушілер мен студенттер де ғылыми пікірталастарға қатысып, өз ұсыныстарын ортаға салды.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ветеринария және биологиялық қауіпсіздік зертханасының меңгерушісі Лаура Душаеваның айтуынша, антибиотиктердің тиімділігінің төмендеуі адамдар мен жануарлардағы жұқпалы ауруларды емдеуді қиындатып   отыр.

– Бұл мәселе аурудан сауығудың ұзаққа созылуына, қосымша экономикалық шығындарға және ауыл шаруашылығы жануарлары өнімділігінің төмендеуіне себеп болады. Сондықтан микробтарға қарсы төзімділікпен күресудің ұлттық стратегияларын әзірлеу, заманауи диагностикалық әдістерді енгізу және ғылым мен тәжірибенің өзара байланысын күшейту аса маңызды. Халықаралық ұйымның қолдауы түрлі елдің жетекші мамандарын бір алаңға жинап, жаһандық маңызы бар мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді. Семинардың жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен американдық микробиология қоғамына алғысым шексіз, – деді зертхана меңгерушісі Лаура Душаева.

IMG_4747.JPG (1)

Айта кетейік, бұл бастама Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген ветеринариялық және биологиялық қауіпсіздікті күшейту, халық денсаулығын сақтау, ғылым мен білімді дамыту бағытындағы міндеттермен үндеседі. Сондықтан халықаралық семинарда көтерілген мәселелер тек ғылыми қауымдастық үшін ғана емес, елдің тұрақты дамуы мен қоғамдық қауіпсіздігі үшін де маңызды мәнге ие.

Семинар қорытындысында әзірленген ғылыми-практикалық ұсынымдар Қазақстан Республикасының ветеринария саласын дамытудың кешенді жоспарына енгізу үшін қарастырылады.

Мамандар бұл бастамалар еліміздегі биологиялық қауіпсіздікті нығайтуға, антибиотиктерді тиімді әрі жауапкершілікпен қолдану мәдениетін қалыптастыруға және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтуге ықпал етеді деп есептейді.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале