Осынау бес қабатты үйдің қаңқасы қалқайып тұрғалы біраз болды. Қазір қай қалаға барсаң да жарыса бой көтеріп жатқан көп қабатты үйлер көп болғасын, басында онша мән бермедім. Құрылыс баяу жүріп жатса да біраз адам пәтерлі болатын болғаны жақсы екен деп қуандық. Өтірік-расы белгісіз, әлі салынып бітпеген үйдің пәтерлері түгел сатылып кеткен екен дегенді естіп, тағы бір сүйсініп қойдық. Неге десеңіз, баспана мәселесі қай өңірді алсаңыз да күн тәртібінде өткір қойылып отырғанын бәрі біледі. «Үйі жоқтың күйі жоқ» дегендей, үйлі болғандардың қатарының көбейетініне сендік. Әп-әсем басталып, сақалды құрылысқа айналса да жұртшылық бұл үйден күдер үзе қойған жоқ-ты. Басында әркімнің жеке шаруасы ғой, жеке шекарасына бас сұққандай болмайық дедік. Дегенмен, осы ауданда болып жатқан тірлік болғаннан кейін шет қала алмай, бүгінде үлкен шуға айналған тұрғын үй құрылысы туралы әңгімеге кірісуге тура келді. Кіріскенде, мәлімет жинау, ақпарат сұрастыру ғой.

Келісім-шарт жасалды ау
Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, аудан орталығы Ақсай қаласының Шанхай деп аталып кеткен бөлігінде 2021 жылы бой көтерген бұл тұрғын үй кешені Ақбұлақ деп аталады екен. Әңгіме әдемі басталған. Әдеттегідей әуелі тұрғын үй туралы тамаша жарнама шығады, сосын жұрттар CMS Global және SM5 Global компанияларының басшысы, кәсіпкер Назбек Сұңғатов басқарып отырған құрылыс компаниясына ақша сала бастайды. Келісім-шарттар жасалған. Бәрі заңды, бәрі дұрыс ақ. Бірақ дұрыс емесі, ақша салынғаннан кейін құрылысшы компания тарапынан міндеттелмелер орындалмаған. Және де орындалар түрі де көрінбейді. Салымшылар тізім бойынша 26 адам болған басында.
Біздің білгеніміз
Әлеуметтік желідегі ашық дереккөзден білгеніміз, жауапкер Н.Сұңғатов ресей азаматы екен. Құрылыс компаниясында істегенмен, бұрын өз алдына көп қабатты үй тұрғызбаған. Ал уақыт өтіп жатыр. Бұл үйдің құрылысы мандымай ақ қойды. Мандымағаны өз алдына, «жаңа құрылыс» деген атауы енді «даулы үй» деген атауға ие болды. Осы үйден пәтер аламыз деп ақша салғандардың дауы туралы әңгімені БАҚ-тан оқып білгеніміз аздай, Республикалық деңгейден жиі көрініп жүрген блогерлердің әлеуметтік желідегі парақшаларынан да байқап қалдық. Әсіресе, белгілі журналист, тележүргізуші, қоғам қайраткері Руслан Өтепбайдың түсірілімі үлкен резонанс туғызды. «Ол ақша да жоқ, баспана да жоқ» деп дабыл қақты. Онда әлеуметтік желі қолданушылардың бірі жәбірленушілерге қолдау білдірсе, екіншілері Орал қаласында да кейбір салымшылар осылай зардап шегіп жүргендерін, яғни кейбір құрылыс компаниялары не үй жоқ, не ақшаларын қайтармай отырғандарын айтып шағымданған. Тіпті осындай бірнеше компаниялардың аттары да аталған. Ал белгілі заңгер Мейірман Шекеев бұл істі «алаяқтық» деп атап, «бұл кісілер әлі ақшаларын ала алмай жүр. Кейбір есептер сәйкес келмейді. Қылмыстық істі қайта жандандырып, тергеуді жалғастыру керек деп санаймын. Мысалға, үй салынып жатқан жоқ. Ал ақшаны кім қайтарады сонда?» - дейді осы түсірілімде. Ақшаны кім қайтаратынын белгілі заңгер білмесе, біз де білмедік онда. Десе де «мал ашуы жан ашуы» дегендей, ешкім де тірнектеп жиған қаражатын, ақ-адал ақшасын қолдан беріп қойып қарап отырмас. «Үміт ең соңынан өледі» дегендей, аталған жәбірленушілер тобының Ақсайда сот жағалап жүргендерін де көзіміз көрді. Естуімізше, осыған дейін сот отырысының екеуі өткен.
Әсемнің әңгімесінен:
Жәбірленушінің бірі Әсем Олжабаева бізбен әңгімесінде былай түсіндіреді: «Мен салымшы емеспін. Мен аталған кәсіпкердің ағасының компаниясында онымен, яғни Назбекпен бірге жұмыстас болдым. Әріптес ретінде араласып жүргесін сенімді болдым, сондықтан да кредит алып беруге келістім. Келісім бойынша ол маған ақшамды жарты жылда қайтаруы керек еді. Бере алмады. Уақыт өте ол маған ақшаның орнына осы үйден пәтер беретін болды. Айналып келгенде пәтер де жоқ, ақша да жоқ болып отыр. Негізі бұл компания маған жобамен 37 миллион теңге ақша қарыз. Қазіргі таңда тек 20 миллионын ғана мойындап отыр. Жалғыз мен емес, түрлі сомада ақша құйғандар ақшаларын қайтара алмай әділет орындарын жағалап жүргелі біраз болды. Өзім 2024 жылдан бері арызданудамын. Бірақ, нәтиже шамалы болып тұр. Бір қызығы, басында жәбірленушілер 26 болатын. Қазір 14 қалыппыз. Неге азайғанын, қалай азайғаны маған белгісіз. Менің мамандығым құрылысшы. Мен қазір аталған тұрғын үй құрылысының 16,6 пайызға ғана бітіп тұрғанын айта аламын».
«Уральская неделя» газеті не дейді
«Жазған құлда жазық жоқ» дегендей, ақ-адал ақшасын қайтара алмай жүргендердің аяқтарына тыным жоқ қой енді. Ана есікті, мына есікті бір қағып сандалып жүр. Жеке бір азамат сотқа беріп, қарызды қайтару туралы шешім де шыққан. Бірақ компанияда қаржы болмауы себепті ол шешім де орындалмай отыр екен. Ол туралы Орал қаласынан шығатын «Уральская неделья» газеті былай деп жазды: «Жәбірленушілердің бір тобы азаматтық сот арқылы ақшаларын қайтарып алуға тырысқан. 2024 жылы Бөрлі аудандық соты SM5 Global компаниясынан жәбірленуші Б.Назаровтың пайдасына 7,3 млн.астам теңгені өндіру туралы шешім шығарған. Бірақ та Н.Сұңғатовта ақша болмағандықтан әзірге бір тиын да қайтарылмаған.(аударма автордікі)».
Түйін. Сонымен, әзірге жәбірленушілер сот жағалап жүр. Мәселенің қашан, қалай шешілетіні белгісіз. Бұл жерде біз білмейтін басқа да мәселелер болуы мүмкін. Оны енді сот анықтай жатар. Бастысы, істің анық-қанығы сараланып, әділ шешімін тапса дейміз. Және де қандай да бір үлкен іске кірісерде адамдарға сақ болыңыздаршы дегіміз келеді.
Дариға Нұрашова
Бөрлі ауданы