4.06.2026, 17:45
Оқылды: 7

Мемлекеттік рәміздер - елдігіміздің айшықты белгісі

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай аудан орталығындағы Абай алаңында салтанатты жиын өтті. Елдік пен егемендіктің символына айналған мерекелік шараға аудан әкімі Талғат Шакиров, оның орынбасарлары Рауан Рахматуллин мен Әли Бердешев, жерлесіміз, танымал марафоншы, Тасқала ауданының Құрметті азаматы Ғарип Сатиев, аудан прокуроры Алмас Унаев, «AMANAT» партиясы Тасқала аудандық филиалының төрағасы Люция Жұбанышқалиева, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Жәрдемғали Балықов, аудандық полиция бөлімінің басшысы Асқар Абдрахманов және аудан тұрғындары қатысты.

рәміздер күні (3)

Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаумен басталды. Көк байраққа тағзым етіп, сап түзеген көпшілікті аудан әкімі Талғат Асқарұлы мерекемен құттықтап, елдік құндылықтардың маңызына тоқталды.

- Мемлекеттік рәміздер - халқымыздың рухын, тәуелсіздігіміздің тұғырын айқындайтын қасиетті құндылықтар. Олар еліміздің егемендігін ғана емес, әлемдік қауымдастықтағы беделі мен мәртебесін де танытады. Бүгінде көк Туымыз көптеген мемлекеттерде желбіреп, спортшыларымыз халықаралық жарыстарда Әнұранымызды асқақтатып келеді. Бұл – әрбір қазақстандық үшін үлкен мақтаныш. Сондықтан жас ұрпақтың бойына мемлекеттік рәміздерге деген құрмет пен сүйіспеншілікті сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Елтаңбамыздың еңсесі биік, Туымыз тұғырлы, Әнұранымыз айбынды болсын! Тәуелсіздігіміз мәңгілік, мемлекетіміздің мерейі үстем болғай, - деді аудан басшысы.

рәміздер күні (1)

Мерекелік шара барысында ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, елдік мұраттарды насихаттауға және өңірдің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

рәміздер күні (6)

Салтанатты жиыннан кейін Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Жаяу жүгіру» марафоны ұйымдастырылды. Салауатты өмір салтын насихаттаған спорттық шараға жастар мен тұрғындар белсенді қатысып, мерекелік көңіл-күйді одан әрі айшықтай түсті.

рәміздер күні (5)

Мемлекеттік рәміздер күні - әр азаматтың жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді жаңғыртатын ерекше мереке. Көк Туымыз көкте қалықтап, Елтаңбамыздың айбыны асқақтап, Әнұранымыздың әуені әрдайым әлем төрінде шырқала бергей.

рәміздер күні (4)

 

Тасқала ауданы

Бекжан Бақытжан

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале