Теректі аудандық кітапхана орталығында рәміздер күніне арналған «Брейн-ринг» зияткерлік сайысы өтті.

Аталған шара басталмас бұрын мемлекеттік әнұран ойналды. Сайысқа «Қыран» және «Бәйтерек» атты екі команда қатысып, өздерін таныстырып, ұрандарын айтты. Төрт кезеңнен тұратын ойын барысында екі топ ой жарыстырды. Әр кезеңде қатысушылар рәміздер жайлы білімі мен ой ширақтығы бойынша сынға түсіп, топ көшбасшылары мемлекеттік рәміздердің маңызы жайында ой толғап, пікірімен бөлісті. Сонымен қатар сұрақ-жауап көрермен арасында да өткізілді. Жүргізуші қатысушыларға әлем рәміздері бойынша логикалық және блиц-сұрақтар қойып, белсенді қатысқан көрермен еркін микрофонда өз ойларын білдірді. Төртінші кезең сайыскерлер арасындағы викторинамен аяқталды. Ойын қорытындысында жеңімпаз команда арнайы диплом және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шара соңында қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Замира Сапарова мемлекеттік рәміздер жайында айтып, олардың маңызын білуге, отансүйгіштікке және барша тұрғындарды кітап оқуға шақырды.
Қаламқас Саясатова,
"Жайық Пресс"