Жымпитыдағы өнерсүйер қауым үшін ерекше рухани кеш өтті. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші әрі актер Нұрлан Өнербаев аудан жұртшылығымен жүздесіп, «Сүйемін туған елімді» атты шығармашылық концертін ұсынды.
Қазақ эстрадасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, халық арасында «қазақтың қоңыр дауысы» атанған өнер иесінің ән кеші көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кеш барысында Нұрлан Өнербаевтың репертуарындағы көпшілік сүйіп тыңдайтын әндер шырқалып, көрермен әншіге қошеметін аямады. Сонымен қатар сахна төрінде ауданымыздың күміс көмей, жезтаңдай өнерпаздары да өнер көрсетті.
Концерт соңында аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов сөз сөйлеп, қазақ өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген талант иесіне аудан тұрғындары атынан алғыс білдірді.
Кеш қарая Нұрлан Өнербаев Орал қаласындағы “Атамекен” концерт залында дәстүрлі әндерді орындаушы, әнші-композитор Армат Алдамжаровтың шығармашылық кешінде ән салды.
Осы шарада Армат Алдамжаровтың “Сүйемін туған елімді” атты музыкалық-поэтикалық жинағының тұсауы кесілді.
Қоңдыкер Елеуов,
Сырым ауданы