6.06.2026, 21:30
Оқылды: 16

Ақ Жайықты Арматтың әні тербеді

Оралдағы “Атамекен” концерт залында халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, Қазақстан авторлары қоғамының мүшесі, дәстүрлі әнші, сазгер Армат Алдамжаровтың «Сүйемін туған елімді» атты шығармашылық кеші өтті.

WhatsApp Image 2026-06-06 at 22.07.44 (1)

Армат Алдамжаров 1982 жылы Сырым ауданы Көздіғара ауылында дүниеге келген. Әннің падишасы Мұхит туған Қаратөбенің алтын құмы сол Көздіғараға дейін төгілген. Құммен бірге әннің де киесі келген сияқты. Домбыра - оның бала күніндегі ойыншығы. Кейін өмірінің серігі, өнерінің қанатына айналды. Көздіғарадан шыққан әнші бала қазақтың Батыс ән мектебінің көрнекті өкілдері - Қайрат Кәкімов, Сәуле Жанпейісовалардың алдын көрді, шыңдалды. Алайда Армат пен марқұм әкесі Амантайдың (шын есімі Амангелер) арасын да домбыра үні жалғап жатқанын біреу білер, біреу білмес. Соңғы онжылдықта Армат тек ән шырқаумен емес, ән жазумен де айналысты. Оның әндері - сағыныштың сазы, туған жерге деген махаббаттың мелодиясы.

PHOTO-2026-06-05-21-34-11

Кешегі кешті Арекең Сартайдың термесімен бастады. Оған жалғас Мұхиттың әні “Жайма қоңырды” шырқады. Концертте Армат Алдамжаровтың сөзі мен әніне жазылған «Құмды ауылым Көздіғарам» туындысы халықты тербеді. Әнді сол ауылдан шыққан өнерпаздар - Бекей Қанатов пен Әділхан Қадыров орындады. Меңдіқожа Сағидолланың сөзіне жазылған «Сағынышым, Саралжыным» әні - Арматтың сал Мұхиттың туған даласына деген құрметі. Бұл әнді Мержан Меңдіқұлов шырқады. Боран Төлеевтің сөзіне жазылған «Әке тілегі» әнін Алматы қаласынан келген ару, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртісі Гүлнафис Салыққызы орындады. Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған «Әз, Ана» туындысын Нұрлыбек Байнияз әсерлі жеткізді. Кеш барысында Батырхан Сарсенханның сөзіне жазылған «Жан ұлым менің» атты жаңа әннің тұсауы кесілді. Бұл әнді Алтынбек Қанатқалиев әуелетті. Әннің толқындарын асау Жайықтан үйренген әнші-термеші, қазір Алматыдағы “Алатау” дәстүрлі өнер театрының әртісі Тілек Базаровты туған жері қошеметпен, қиқумен қарсы алды. Ол Арматтың қазақ даласына жайылған туындысы “Тойбастарды” шырқады. Ел сұрағасын Тілек «Ақжайықтан Аралға» әнін де орындап берді. Осы секілді сазгер Армат Алдамжаровтың «Жүрегімнің сыңары», «Әнші қыз», «Көз жұмып сені көрер ме ем», «Алаш арулары», «Ән бекзадасы», «Театр», «Ұға біл», «Бәрі де өз қолыңда» секілді әндері шырқалды.

PHOTO-2026-06-05-21-34-16 (2)

Шығармашылық кеште Нұрлыбек Байнияз, Гүлназ Жүсіпқалиева, Ақылбек Какимов, Таңат Жексенбаев, Тарас Жауынбаев, Армат Жұмагелдиев, Алмагүл Жұма, Шынтас Мұстажапов, Раушан Атауова секілді сахна жұлдыздары өнер көрсетті. Арматтың үнінің жалғасқаны сол емес пе, зәулім сарайды жаңғыртып шәкірті Жандос Рақымғали ән салды!

Армат Алдамжаровтың әндерін былтыр әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев та өз репертуарына қосқан. Бұл - ауылдағы композитор үшін жаңа белес, шабыт шыңы. Шығармашылық кешті Нұрлан әнші Армат Алдамжаровтың “Сағындым бауырларым!”, “Сүйемін туған елімді” атты туындыларын түйіндеді.

PHOTO-2026-06-05-21-34-16

Шара соңында Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов сөз сөйлеп, Арматқа шапан жауып, ат мінгізді. Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Медет Мерғалиев кеш иесіне мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Қуанышбек Мұханғалиевтің құрметін жеткізді. Ғ. Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филормониясының директоры, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Халиолла кеш иесі мен қонақтарына құрмет көрсетіп, Нұрлан Өнербаевты ән кешін өткізуге Орал шаһарына шақырды. Көздіғараның ұлы, белгілі меценат, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, “KSG” құрылыс компаниясының директоры Мұратбек Мұхамедиев жерлесіне тұлпар мінгізді.

 Бауыржан Ширмединұлы, 
Сырым  ауданы 
 Суреттерді түсірген Айжан Амангелдина
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале