Переметныйда спорт ардагері Александр Субботиннің құрметіне шағын футболдан турнир өтті. Шәкірттері ұйымдастырған жарысқа 8 команда қатысты.

Аудандық мәдениет үйінде өткен турнирдің ашылу салтанатының шымылдығы бейнероликпен түрілді. Онда айтылғандай, А. Субботин 1957 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Ал орта білімді Зеленов ауданында алды. Алдымен Переметный ауылдық округінің Усихин елді мекеніндегі бастауыш, Камен мектебінде 5-10-сыныптарды оқыды. Әскерден оралған соң Орал пединститутының спорт факультетінде оқыды. Сонда жүріп «Учитель» командасының сапында доп тепті, нақтылап айтқанда, қақпашы болды. Жалпы ол мықты қақпашы ретінде көпшілікке танылды. Көп кешікпей құрылған «Уралец» командасына алғашқылардың бірі болып қабылданды.
Одан кейінгі өмірі негізінен Ақтөбеде өтті. 1984 жылы ел біріншілігінде ойнайтын Хромтаудың «Горнягына» алынды. 1985-1990 жылдары «Актюбинецтың» қақпасын қорғады. Өзбекстанның командаларының да қатарында болып, КСРО чемпионаттарына қатысты.
1993-1994 жылдары облысымызға келіп, бөрлілік «Қарашығанақта» болды. Артынан Ақтөбеге оралып, шағын футболға ден қойды. Жаттықтырушы болып еңбек етті.
2005 жылы Переметныйға келіп, бес жылдай аудандық БЖСМ-да футбол бойынша бапкер болып еңбек етті. 2009 жылы еліміздің бірінші лигасында ойнаған «Ақтөбе-жас» командасының бапкері болды. 2020 жылы зейнеткерлікке шыққанша Ақтөбе өңірінде еңбек етті. Бүгінде ол Бәйтерек ауданында тұрады.

- Бала күнде доп теппеген жан аз шығар. Сол допты өмірлік серігі етіп, футболмен аты шыққан, елдің мақтанышына айналған Александр Владимировичтен тәлім алып, бірнеше мәрте облыстық, республикалық додалардың жеңімпазы атанғандардың ішінде біздің жерлестеріміз де бар екені қуанышты. Мәселен, 1992-1993 жылы туғандардан жасақталған ауданымыздың командасы жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатынан күміс жүлдегер болып оралды. Кезінде өзі аяқдопқа баулыған шәкірттері бүгін осындай турнир ұйымдастырып жатыр. Бұйыртса, келесі жылы Александр Владимировичтің 70 жасқа толу мерейтойын жоғары деңгейде атап өтеміз деп ойлаймын, - деді құттықтау сөзінде аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев.
Әріптестері, достары, шәкірттері ол тек бапкер емес, шын мәнінде ұстаз, тәлімгер бола білгенін атап өтті. Оның футболды дамытудағы еңбегі — көпке үлгі.
«Бұл турнирді ұйымдастырудағы мақсат – оның көп жылдық еңбегіне, жоғары кәсібилігіне және футболға деген адалдығына алғысымызды білдіру, - дейді шәкірті Ақылбек Турағалиев. - Ұсынымызды қолдап, жарыстың өтуіне барынша жағдай жасағаны үшін аудан басшылығына, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне, «Бәйтерек» спорт клубына және алыс-жақыннан келген командаларға алғысымызды білдіреміз».

Турнирге қатысқан 8 команданың төртеуі ардагерлерден жасақталса, қалғаны – ересектер. Сол себепті аға буын өкілдері бөлек, ересектер командалары бөлек сайысқа түсті.
Ардагерлер тобында алаңға Сырым, Тасқала аудандарынан, Орал қаласынан келген «КЛФ» және жергілікті командалар шықты. Ал екінші топта тасқалалықтар және 1988-1991, 1992-1993, 1994-1997 жылы туған переметныйлықтар болып бөлінді.
Тартысты өткен ойын нәтижесінде ардагерлер арасында жергілікті команда үздік атанса, сырымдықтар 2-орын алып, КЛФ қола жүлдегер атанды. Ал ересектерде тасқалалықтар топ жарса, 1994-1997 мен 1992-1993 жылғылар қалған жүлделі орындарды өзара бөлісті.
Мәди Ықылас,
Бәйтерек ауданы