9.06.2026, 17:30
Оқылды: 5

«Ауылға сәлем» – ұлттық өнер мен рухани құндылықтарды ұлықтаған тағылымды кездесу

Ауыл – қазақтың алтын бесігі, ұлттық болмыстың қайнар көзі, ата дәстүрі мен ұрпақ тәрбиесінің бастауы.

image-09-06-26-04-01-3

Осы құндылықтарды дәріптеу мақсатында аудандық мәдени-демалыс орталығының шығармашылық ұжымдары ауылдық округтер мен елді мекендерде «Ауылға сәлем» атты концерттік бағдарламамен өнер көрсетіп, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй мен рухани әсер сыйлады.

Мәдени шараның басты мақсаты – ұлттық өнерді насихаттау, ауыл тұрғындарының мәдени өмірін жандандыру, халықтың рухани сұранысын қанағаттандыру және ұрпақтар сабақтастығын нығайту. Бағдарлама аясында аудандық мәдени-демалыс орталығының жанынан құрылған «Асыл қазына» аталар тобы, Халықтық «Елім-ай» әжелер ансамблі және Халықтық «Сұлтанғалиевтер» жанұялық ансамблі өнер көрсетіп, көрермендердің зор ықыласына бөленді.

Кеш шымылдығы ауыл халқына арналған жүрекжарды лебізбен ашылды.

Жүргізуші Ләззат Касимова ауылдың бүгінгі таңдағы  орны мен маңызына ерекше тоқталып, ауылдың тек мекен ғана емес, ұлттық құндылықтардың алтын діңгегі екенін атап өтті.

– Ауыл – әр адамның кіндік қаны тамған қасиетті мекені, балалық шақтың бал дәурені өткен қастерлі орта. Ауыл – ананың әлдиі мен атаның өнегесі, ұлттық тәрбиенің қайнар көзі. Сондықтан ауыл халқымен өнер арқылы қауышу біз үшін үлкен мәртебе. «Ауылға сәлем» жобасы мәдени қызмет көрсетумен ғана шектелмейді. Бұл – халықпен жүздесу, рухани байланыс орнату, ұлттық өнердің құндылығын дәріптеу алаңы, – деді ол.

Концерт барысында қазақ ән өнерінің алтын қорына енген туындылар орындалды. Алғашқы болып көрермен назарына Сағи Жиенбаевтың сөзіне, Ескендір Хасанғалиевтің әніне жазылған «Айналдым елім» шығармасы ұсынылды. Елге деген сүйіспеншілік пен туған жерге деген құрметті арқау еткен бұл ән көрермендердің жүрегінен орын тапты.

Одан кейін Өмірбек Байділдаевтың сөзіне жазылған, Мейрамбек Ниязбековтің «Туған жер» әнін жеке орындаушы,мәдениет саласының үздігі Жұмабай Байғалиев шеберлікпен орындап, туған өлкенің қадір-қасиетін әсерлі жеткізді. Әннің әрбір жолы туған жердің құдіретін, оның адам өміріндегі орны мен маңызын айшықтай түсті.

Кеш барысында ұлттық өнердің мәйегі саналатын домбыра үні де кеңінен насихатталды. Халқымыздың рухани болмысын танытатын күй мен ән көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Қазақтың «Қазақ нағыз қазақ емес, қазақ нағыз домбыра» деген қанатты сөзі тағы бір мәрте өз мәнін айқындағандай болды.

Бағдарламаның жарқын сәттерінің бірі – талантты өнерпаз Тілекшт Кереевтің орындауындағы «Жас өмір» шығармасы болды. Орындаушының шеберлігі мен сахналық мәдениеті көрермендердің ыстық ықыласына ие болды.

Іс-шараның тағылымдық мазмұнын тереңдете түскен өнер ұжымдарының қатарында «Асыл қазына» аталар тобы мен Халықтық «Елім-ай» әжелер ансамблінің орны ерекше болды.

Өмірлік тәжірибесі мол, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттап жүрген ардагер өнерпаздардың шығармашылығы ұлттық тәрбиенің жарқын үлгісін көрсетті.

Өнер майталмандары орындаған әрбір ән мен сахналық көрініс көрермендерді өткен тарихқа жетелеп, ұлттық құндылықтардың өміршеңдігін айқындады. Әсіресе ауыл тұрғындары үшін бұл кеш үлкен тағылым мектебіне айналды.

Концерт бағдарламасының маңызды бөлігі  халықтық  «Сұлтанғалиевтер» жанұялық ансамблінің өнер көрсетуі болды. Бір шаңырақ астында өнерді серік еткен отбасының шығармашылығы көрермендердің ерекше ықыласына ие болды. «Жаңа есім» жобасының жүлдегерлері атанған өнерлі отбасы ән мен өнердің отбасылық тәрбиедегі рөлін айқын көрсетті.

Қазақ халқында «Өнерлі отбасы – өнегелі отбасы» деген тағылымды сөз бар. Сұлтанғалиевтер әулеті осы ұғымның нақты көрінісіне айналып отыр. Бірлігі жарасқан отбасы мүшелерінің сахнадағы үйлесімді өнері жас ұрпаққа үлгі болып, отбасы құндылықтарының маңызын насихаттады.

Жалпы, «Ауылға сәлем» мәдени бағдарламасы өнер көрсетумен ғана шектелген жоқ. Ол ауыл тұрғындарының рухани өмірін байытып, ұлттық мәдениетке деген қызығушылықты арттырған мазмұнды кездесуге ұласты. Көрермендер қазақ ән өнерінің жауһар туындыларын тыңдап қана қоймай, халқымыздың бай мұрасы мен өнегелі дәстүрлері туралы ой түйді.

image-09-06-26-04-01-2

Мәдени шара соңында ауыл тұрғындары өнерпаздарға алғыстарын білдіріп, осындай тағылымды жобалардың жалғасын табуына тілектестік танытты. Олар ұлттық өнерді дәріптеп, ауыл халқымен етене байланыс орнатуға бағытталған бастамалардың маңызы зор екенін атап өтті.

Ұлттық мәдениетті ұлықтап, рухани құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен «Ауылға сәлем» концерттік бағдарламасы ауыл жұртшылығының жүрегінен жол тауып, ел бірлігі мен ынтымағын нығайтуға, дәстүр сабақтастығын жалғастыруға бағытталған маңызды мәдени жоба ретінде өз міндетін абыроймен атқарды. Өнер мен өнегені қатар өрген осындай игі бастамалар халықтың рухани өмірін байытып, ұлттық құндылықтардың келер ұрпаққа аманат болып жетуіне қызмет ете беретіні анық.

 

Сара Әділ

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале