Мемлекеттік рәміздер күніне орай облыс әкімдігінде өңірдің білім саласында ұзақ жыл жемісті еңбек еткен ұстаздар мен сала ардагерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты жиында облыс әкімі Нариман Төреғалиев білім беру жүйесін дамытудағы жетістіктерге тоқталып, педагог қауымға алғыс білдірді.

Өңір басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті.
– Білім – ұлттың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты құндылық. Сондықтан өңірімізде сапалы білім алуға қажетті жағдай жасауға ерекше мән беріп келеміз. Соңғы үш жылда облыста 11 мыңнан астам оқушыға арналған 30 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның 21-і жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынса, 9-ы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Соның нәтижесінде 11 апатты, 12 бейімделмеген мектептің және үш ауысымда оқытатын жеті білім ошағының мәселесі толық шешімін тапты. Қазіргі уақытта тағы сегіз мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұл – балаларымыздың қазіргі заманғы технологиялар арқылы білім алуына жасалған нақты қамқорлықтың көрінісі, – деді облыс әкімі.
Жиында өңірдің жетістіктері де кеңінен айтылды. Биыл халықаралық олимпиадаларда облыстың 9 оқушысы жеңімпаз атанса, республикалық пәндік олимпиадаларда 60 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Ғылыми жобалар конкурсында 24 шәкірт үздіктер қатарынан көрінді. Осы нәтижелердің арқасында облыс құрамасы «Ең үздік олимпиадалық команда» атанып, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Облыс әкімі Бөкей ордасы ауданындағы Мәншүк Мәметова атындағы мектептің 10-сынып оқушысы Анида Ахметкерееваның «Үздік ауыл мектебінің оқушысы» атануын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл жетістік ауыл мектептеріндегі білім беру сапасының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Сондайақ салтанатты жиында халықаралық SAT емтиханынан ең жоғары нәтиже – 1600 балл жинаған Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі Аят Байболатқа арнайы сертификат табысталды.
– Бұл жетістіктердің барлығы – шәкірттердің талпынысы мен ұстаздардың тынымсыз еңбегінің жемісі. Бүгінде біздің оқушыларымыз халықаралық және республикалық деңгейдегі білім додаларында өңір намысын абыроймен қорғап жүр. Ол дегеніміз – білім сапасының артып келе жатқанын аңғартатын маңызды көрсеткіш, – деді Нариман Төреғалиев.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес білім беру саласына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар педагог мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Білім саласына сіңірген еңбегі еленіп, Орал қаласының ардагерлері Ұлбосын Көпешова мен Айгүл Мыңбаеваға «Құрмет» ордені табысталды. Ал Теректі ауданының білім саласы ардагері Лейля Ахметова, Орал қаласының білім саласы ардагері Валиса Ихсанова, Шыңғырлау ауданының Ақшат ауылындағы А.Тихоненко атындағы мектептің мұғалімі Қайрат Қаукиев және Казталов ауданының білім саласы ардагері Жаннат Қауметова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Салтанатты рәсім соңында облыс әкімі марапат иелерін құттықтап, олардың өңірдің білім саласын дамытуға қосқан өлшеусіз үлесін ерекше атап өтті.
– Ұстаз еңбегі – ұлт болашағына салынған ең қастерлі инвестиция. Бүгін марапат алған әрқайсыңыз – саналы ғұмырыңызды жас ұрпақ тәрбиесіне арнап, ел дамуына зор үлес қосқан жансыздар. Сіздердің еңбегіңіз әрдайым құрметке лайық, – деді Нариман Төреғалиев.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»