Сайқындық ағайын Мальдина Шакированы пысық, ісі ширақ, қолы берекелі келіншек деп таниды.

Мальдинамыз - жоқтан бар жасап, өз тұрмысын өзі түзеп, түтінін тіктеп отырған берекелі әйел. Аудан орталығын ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Таза әрі ұсынған өнімі дәмді болғандықтан шығар, тұрақты клиенттерінің қатары қалың.
– Сонау жылдары әлжуаз топтар санатынан табылып, атаулы әлеуметтік көмек алып келдік. Дүкенде сатушы болып та істедім. Кім-кім де айналасына қарап, бойын түзейтін болар, мен де жұртқа қарап, «Өзімдей адамның жасағанын неге жасап көрмеске? Адамның жасағанын адам жасайды ғой» деп тәуекелге бел будым.
Сосын халықты жұмыспен қамту орталығына, қазір аудандық мансап орталығының маманы Салтанат Қадерова, Медет Әнесовке, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Ерлан Нүркеновке барып, Үкімет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттар, төмен мөлшердегі несиелер туралы кеңес алдым. 2019 жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалы жанынан ұйымдастырылған бизнес оқуларына қатысып, екінші лекте жарты миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант алуға құжат тапсырдым. Комиссия алдында бизнес-жоспарымды қорғап, алғашқы қаржымды алдым, – дейді Мальдина.
– Мальдинаның тәуекелшілдігі мен ерік-жігері көп азаматқа үлгі дер едім. Үкімет тағайындаған атаулы әлеуметтік көмекке тоқмейілсіп, көлеңкеде отыратын ауыл азаматтары осы Мальдинадан сабақ алса, артық етпейді. Өздеріңіз білесіз, ниет еткен көп ауылдасымыз қайтарымсыз грант алды. Бизнес-жоспарын қорғап, уақтылы есептерін тапсырып тұрады. Сөйтіп жүріп, есеп тапсыратын мерзімі өтеді. Мерзім біткеннен кейін кәсіп те жоқ, нәтиже де жоқ. Құмға сіңген судай боп, жоқ боп кетеді. Мальдинаның іскерлігі, пысықтығы көбіне жетіспейді, – дейді аудандық мансап орталығының кеңесші маманы Салтанат Молдашева.

Десе дегендей, тігінші, шаштараз, дәнекерлеуші сияқты халыққа қызмет көрсетемін, сүт-ет өнімдерін дайындаймын деп ниет еткен екінің бірісі қайтарымсыз грант алды. Сол грант алушылардың бар ниеті Үкіметтен берілген тегін дүниені алып қалу ғана десем, артық айтқаным емес. Өз кәсібімді қолға алып, аяғымнан тұрайын деген талпынғандары некен-саяқ. Талпынса, ісінің текке кетпейтініне осы Мальдина мысал. Айтпақшы, Мальдинаның сөзіне қарасақ, Үкіметке алақан жайып отыра бермей, тиыннан теңге құрап, мал басын құрауға талпынған екен.
– Бұл қаржыны алмас бұрын, жинақ ақшама бір-біреуін жеті мың теңгеден он ешкі, екі сиыр сатып алдық. Ешкі малы өсімтал мал ғой. Ешкінің сүті де керемет екен. Қант қосылса, қойытылған сүт сияқты бал татиды. Қорамызға мал біткен соң көңіліміз де бірленіп қалды. «Ешкі бағып, ес жинады» деген мақал тегін айтылмаған екен. Қайтарымсыз грант қаржысына ірі қара алдық. Мал бағудан қашпаймыз. Есімізді білгелі, көргеніміз осы ғой. 2022 жылы баспанамызды кепілге қойып, «Іскер» бағдарламасы бойынша алты пайызбен несие алдық. Бастапқыда жеке кәсіпкер ретінде тіркелсек, қазір шаруа қожалығымыз бар. Жалғыз емеспіз. Қасымызда ағамыз бар. Жұбайы қайтқан, балалары бар. «Балалар өсіп келеді, мал артықтық етпейді. Малыңды бізге қосып қой» деп ағамды жетелеп жүріп, қайтарымсыз грант алғыздым. Жер де алдық. Соңғы бес жылда елу шақты ірі қара жинап алдық. Жабағы да алдық.

Шағын кәсіпкерлікке ден қойғандарға үлкен демеу бар екен. Несие алдық. Алдымызға мал бітті. Өсімін көрдік. Пайдасына қол жеткіздік. Екі жылдан кейін барып, несиені қайтара бастаймыз. Алдағы жылдың ақпанынан бастап, төлем кестесі бойынша несиемізді өтей бастаймыз. Мұның өзі біле білгенге үлкен көмек, – дейді кейіпкеріміз.
– Миллиондаған несиенің де өтемі үлкен болар. Ай сайын жалақысын санап алар жұмыс жоқ, қиналып қалмайсыз ба? – деп сұрадық.
– Жоға, несиенің төлемақысын жинап қойдым. Несие төлемін сол малдың өзі өтеп отыр. Жаздай сүт-қаймағын, майы мен етін саттым. Соңғы алты айда жартылай фабрикат ретінде манты, тұшпара, қуырдақ сатамын. Қайын жұртым жіберген балықты қуырып сатамын. Саудасыз отырған емеспін. Қазір мал өнімінің қай-қайсысы да өтімді. «Мал өткіземін» деп, қалаға тасымалдап, шығынданбай-ақ, манты, фарш, тұшпара, қуырдақ сатып көрейік» деп күйеуімді көндірдім. Аллаға шүкір, осы жартылай фабрикат дайындап, сатудан тоғыз жүз мың теңгедей табыс тауыппын. Осы жуықта бір күнде жүз келі фарш саттым. Сұраныс бар. Клиенттердің сенімінен шығуға тырысамын. Өкпе, бауыр қосып, фарштың көлемін еселеймін деп әрекеттенбеймін. Жаздай сүт өнімдерін саттым. Ауыл тұрғындары сүт-қаймағы, майынан бөлек, көк суына дейін тапсырыспен алады. Былтыр алпыс келідей құрт жасап, кептіріп, қыстай сатып шықтым. Құрт та көптің сұранысына ие. Жаздай бала-шағаммен бірге жиырма шақты сиыр сауып шықтық. Сиыр сауатын, құрт жасайтын аппарат алғым келеді. Көршілес Ресейдегі таныстарыма хабарласып, сұрастырып жатырмын. Айтпақшы, Басқұншақтағы дағыстандық ерлі-зайыптылар бар. Нәпақасын осы сүт өнімдерін дайындаудан, нақтырақ айтсам, сүтсірне (сыр) жасаудан тауып отыр. «Давыдовский» деген түрін жасайды екен. Сұраныс жоғары. Табысымды есейлеймін деген адамға бұл да мотивация. Олардан бір тамшы сүт ысырап болмайды, шығыны жоқ. Малдың іш майына дейін ерітіп, кәдеге жаратып отыр. Қазір табыс табайын, білімімді арттырайын деген адамға мүмкіндік мол. Тұрақты жұмысы, қомақты айлығы жоқ адамның өзінде ұялы телефон бар. Әнші-биші, блогерлердің киген киімін, ішкен тағамын, атақтылардың тойларын сағаттап қарап, уақыт жібермей, құрт, сүтсірне дайындаудың түр-түрін үйренуге болады екен. Әрқайсысынан бір-бір сабақ алуға алады. «Неге жасап көрмеске?» деп жаңаша бірдеңе жасап көруге талпынасың. Бір-бір үйдің асүйін ұстап отырған әйелмін ғой десең де сен білмейтін нәрсе көп, – дейді Мальдина.
– Биыл қыс ұзап, көктемге көтерем боп іліккен мал аусылға ұрынып, ауыл біраз дүрлігіп қалдық. Бұдан қалай шығып жатырсыз? «Шығынға қалдық» деп жатқан біраз адам бар. Жоғалтқаныңыз бар ма? - деп сұрадық сөз соңында.
– Аллаға шүкірміз. Аусыл тек күні кеше пайда болған ауру емес қой. Малдың аты мал демесек, ол да тірі жан. Табысымыз осы малдан болып отырған соң төрт түліктің саулығына өзімізден кем қарамаймыз. Екпесін уақтылы салдыртамыз. Жұбайым бұл жағына асқан жауапкершілікпен қарайды. Малға егетін дәрі-дәрмекті үнемі қол астында ұстайды. Дерт шалған малды бірден танып, ем-домын дер кезінде жасап, шығынға жол бермейді. Аусыл шыққанда да үй көрмеді. Еңбегі еш болмады. Шүкірміз, - дейді Мальдина.

Тағы бір айта кетерлігі, Мальдина – көпбалалы ана. Өзінің төрт баласынан бөлек, ағасының екі баласы да оның қамқорлығында. Алды аналарына жаздай екі мезгіл жиырма сиырды саууға көмектессе, кішілері манты түйісіп, құрт жасауға жарап тұр. Мальдинаның әр талпынысын қолдап, демеп келе жатқан жұбайы Айбек те қарап отырмайтын адам. Сейітәліден алған жерге мал қыстағын тұрғызып, қолы қалт еткенде дәнекерлеу жұмыстарымен қосымша табыс тауып жүрген қағылез жан.
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы