11.09.2026, 18:00
Оқылды: 3

Казталов ауданында қысқы маусымға дайындық пысықталды

Күздің алғашқы күндері ауыл тіршілігіне жаңа міндет жүктейді. Қорадағы малдың қамы, қыстаудағы жем-шөптің жайы, әлеуметтік нысандардың жылуы, елді мекендердің тазалығы мен жол қатынасы – мұның бәрі ауылдың қысқы кезеңге қаншалықты әзір екенін айқындайтын маңызды көрсеткіш.

image-11-09-26-05-00

Осы орайда аудан әкімі Асланбек Сарқұлов Қарасу ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, округ орталығы мен оған қарасты елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысты. Сапар барысында қысқы маусымға дайындықпен қатар, ауылдардың санитарлық тазалығы, абаттандырылуы, жол қатынасы, ауыз су және басқа да өзекті мәселелер назарға алынды.

image-11-09-26-05-00-5

Аудан басшысы елді мекендерді аралау кезінде қысқы дайындықтың қағаз жүзіндегі есеппен шектелмеуі керектігін атап өтті. Әр ауылдың нақты жағдайы жергілікті жерде зерделеніп, тұрғындарды алаңдатқан мәселелер уақытылы шешімін табуы тиіс.

image-11-09-26-05-00-2

— Қысқы маусымға қазірден бастап толық дайын болуымыз қажет. Әр тұрғынның мал азығы қорын жеткілікті көлемде жинауы, әлеуметтік нысандардың қалыпты әрі үздіксіз жұмыс істеуі маңызды. Сонымен бірге елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуына да тұрақты мән беру керек. Өзекті мәселелерді кейінге қалдырмай, кезең-кезеңімен шешуіміз қажет, — деді аудан әкімі.

Жұмыс сапары барысында Кіші Бостандық, Ащысай және Жұлдыз елді мекендерінің ауылнайлары Жұмабай Ғалымов, Жанболат Негметов, Тавриз Чекаев қалыптасқан ахуалды баяндап, бірқатар мәселені аудан басшысының назарына ұсынды.

Кіші Бостандықта электр желілерін жаңғырту, ауылға округ орталығы арқылы қатынайтын жолды көтеру  мәселелері айтылды. Ал Ащысай елді мекенінде ауыз сумен қамту және жол қатынасына қатысты мәселелер көтерілді. Жұлдыз ауылында ауыз су станциясының жұмысын бақылауда ұстау және мал қорымын салу қажеттігі айтылды. Елді мекендердегі бұзылған, пайдалануға жарамсыз және санитарлық талапқа сай келмейтін орындарды ретке келтіру, тазалық жұмыстарын күшейту қажеттігі де сөз болды.

image-11-09-26-05-00-4

Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысы бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы талаптарымен де сабақтас. Тазалықты бір реттік науқан емес, ауылдың күнделікті мәдениетіне айналдыру жергілікті атқарушы органдармен қатар, тұрғындардың да ортақ жауапкершілігі.

Сапар барысында ауылнайлар көтерген мәселелердің әрқайсысы назарға алынып, жауапты сала өкілдеріне тиісті жұмыстарды пысықтау жөнінде тапсырмалар берілді.

Қысқа дайындықтың өзі кешенді сипат алуға тиіс. Әлеуметтік нысандардың жылуы мен тұрақты жұмысынан бастап, тұрғындардың мал азығы қорына, жол қатынасы мен ауыз суға, елді мекендердің тазалығы мен санитарлық ахуалына дейінгі мәселелердің барлығы назарда болғаны жөн.

 

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале