Ақжайық ауданы бойынша 1500-ге жуық адам тұрғын үй кезегіне тіркелген. Оның ішіндегі 500-ге тарта азамат табыс-кірісі аз отбасылар қатарынан. 2025 жылы аудан бойынша 29 ауылда 89 пәтер салынды, соның 76-сы осы санаттағыларға (көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға, мүгедектерге, зейнеткерлерге және жетім балаларға) арналған. Бұрындары жергілікті атқарушы құрылым – әкімдіктер тұрғын үй комиссиясымен жаңа баспаналарды кезекке сәйкес бөлетін. Өткен жылдың 24 мамырынан бастап мемлекеттік тұрғын үй кезегін реттеу құзыреті «Отбасы банкке» берілді. Барлық облыс пен республикалық маңызы бар қаладағы тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтардың тізімі банкке өткізілді. Соның салдарынан біраз уақыттан бері салынған жаңа үйлер иесін таба алмай, жабырқап тұр. Аудан әкімінің орынбасары Ердос Үмітов 76 баспананың тек алтауы ғана табыс етілгенін айтты.

«Үй бөлу жұмысы ақпараттық жүйе арқылы ұйымдастырылады. Кезекте тұрған азаматтың ұялы телефонына SMS-хабарлама келеді. Сол хабарлама арқылы келісім беруі керек. Пәтерлерді бөлу кезінде азаматтардың кезекке тұрған уақыты, санаты және табыс-кірісі ескеріледі. Әлбетте, соңғы бес жылда атына тұрғын үй тіркелмеген болуы тиіс. Міне, осындай түйткілді мәселелер болған соң, үй беру кешіктірілуде. Биыл да осы бағытта 14 ауылға 40 пәтер салу жоспарланды. Қазір ауылдарда құрылыс жұмыстары басталды. Алдағы бір-екі айдың ішінде осы баспаналарды салып, пайдалануға ұсынамыз деп отырмыз», – деді Ердос Үмітов.
Қазына қаржысы желге ұшады!
Аудандағы өзекті мәселелердің бірі – жол құрылысы. 2025 жылы Мерген ауылына кіреберіс жол салынды. Сонымен қатар Чапаевта, Бударинде ауылішілік жолдарға асфальт төселді.
– Биыл да ауылішілік көше жолдарын жаңартуды жоспарлағанбыз. Алайда қаржыландыру мәселесіне байланысты қолбайлаулы. Жалпы 44 көше жолын қамтитын жобалар дайын. Соның ішіндегі төрт ірі жоба аудан орталығындағы көше жолдарын жөндеуге жасақталған.
Одан басқа Тайпақ, Қабыршақты, Алмалы ауылдарындағы көше жолдарын жөндеу жобалары бар. Бұдан басқа ауылдардың кіреберіс жолдарын біртіндеп жаңалап келеміз. Орал – Атырау тасжолы бойындағы округ орталықтарының барлығы да асфальт жабынмен көмкерілген. Енді елді мекендердің кіреберіс жолдарын жаңартуды қолға алудамыз. Атамекен, Қабыл, Тінәлі, Үштөбе, Томпақ ауылдарына жобалар жасалды. Қаржы мәселесі шешімін тапса, жобалар кезең-кезеңмен жүзеге асырылады, – деді Ердос Рашидұлы.
Ақжайық ауданы аумағы Жайық өзенінің екі қапталын қамтиды. Жайықтың бұқар бетіндегі Барбастау – Индер жолына күрделі жөндеу жүргізілуде. Жол салушылар Кеңсуат ауылы тұсына жеткен.
Қазіргі кезде 52 шақырымның 36-сына асфальт жабын төселді. Биыл жол құрылысын Есенсайға дейін жеткізу көзделген.
– Осы күрежол бойындағы Көнеккеткен, Есенсай, Кеңсуат ауылдарына бастайтын жолдарға да жоба жасақталды. Күрежол құрылысы мердігерінің асфальт зауыты сол аумақта тұрған соң, мүмкіндікті құр жібермейік дегенбіз. Ең шалғайда орналасқан Жұбан, Сайқұдық ауылдарына жоба дайын. Бірақ Жұбан ауылына дейінгі 37 шақырым жол құрылысының жобасы сараптамадан өткізілмеді. Себебі қазынадан қаржы бөлу мәселесі шешілмейінше, оны сараптамадан өткізер болсақ, мерзімі өтіп кетіп, қайта түзетуге тура келеді. Бұл дегеніңіз – бюджет қаржысын желге ұшырумен тең, – деді аудан әкімінің орынбасары Ердос Үмітов.
Өңірдегі аудан-ауылдар арасында қатқыл табанды жолмен қамту көрсеткіші Ақжайық ауданында, соның ішінде аудан орталығында төмен. Чапаевта 10 000-нан астам тұрғын бар. Жыл санап жаңа шағынаудандар қосылып жатыр. Жаңа жер телімдері берілуде. Соған орай көше жолдарын асфальтпен қамту жобалары дайындалған. Алайда қаражат бөлінбесе, жобалар қағаз жүзінде қалады.

Бес көшенің жолы «жыр» болды
Бұрынғы аудан орталығы Тайпақтың көше жолдары адам шошырлық кейіпте. Ауылішілік Махамбет,
Д. Нұрпейісова, Х. Чурин, Жамбыл, Т. Жұмалиев атындағы көше жолдары жөнделеді дегенде тұрғындар қатты қуанған. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа бармады. 2023 жылы басталған жол құрылысы жоспарға сай 2024 жылы аяқталуы тиіс еді. Алайда мердігер – «Орда жолдары» ЖШС өзіне жүктелген міндет-миссиясын атқара алмады. Бес көшенің үш шақырым жолының 500 ме-тріне қиыршықтас төседі де, әлеуеті жетпей тоқтап қалды. Қазір сол жаңарады деген ауыл әкімдігі көшесінің жолында төселген қиыршықтастан аяқ алып жүре алмайсыз.
– Заңнамаға сәйкес мердігерге жұмысын атқаруға уақыт бердік. Нәтиже болмаған соң, соттың шешімімен келісімшартты бұзуға тура келді. Енді биылғы жыл басында жобаға түзету енгізіліп, жоба 100 млн теңгеге қымбаттады. Содан кейін Тайпақтың бес көшесінің жолдарын жөндеуге жаңа мердігер анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді. Оның қорытындысында оралдық «Айдана» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Бұл компания жолшылары Индерден бергі қарай 60 шақырымның 30-ын, яғни Шабдаржаптан бері қарайғы жолды жөндеуге міндеттенген. Тайпақ ауылы маңына асфальтбетон зауытын құрды. Аудан бюджетінен 60 млн теңге қаражат бөлінді. Оған қоса 100 млн теңге облыстық бюджеттен беріледі. Көп ұзатпай мердігерге аванстық төлем төленеді. Содан кейін Тайпақта жол жөндеу басталады, – деді аудан әкімінің орынбасары Ердос Үмітов.

Аудан әкімдігі «Орда жолдарымен» әлі соттасуда. Жосықсыз мердігер жол салуға алған 50 млн теңгенің 12 млн теңгесін мемлекетке қайтарды. Қалған соманы да сот шешімімен «құстыратыны» анық. Десе де, Тайпақтың тайқы тағдырлы көше жолдарының «жыры» төртінші жыл жырлануда. Ендігі үміт – жаңа мердігерде.
Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,
«Орал өңірі»,
Ақжайық ауданы